15:08, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Балабақшаға тиесілі орынды колледж иемденіп отыр
АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы қаласының Бостандық ауданында орналасқан №81 балабақша ғимаратының жарты бөлігін Алматы менеджмент және сервис колледжі жалға алып отыр. Соның салдарынан орын жетіспеуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін осы мәселеге орай балабақшаның және колледждің жауапты қызметкерлері Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Абылайхан Саматдинмен кездесті. Басқосуда оқу орны иемденіп отырған ғимараттың бөлігін қайтару жайы сөз болды. Мәслихат депутатының айтуынша, колледж мектепке дейінгі білім ордасының жарты бөлігін 1999 жылдан бері жалға алып келеді екен. Ал балабақшада орын жетіспейді. Бұнда 165 бүлдіршін тәрбиеленсе, әлі 210 сәби кезекте тұр. Балабақшада 4 топ жұмыс істейді, әр топта 41-42 бала бар. Бұл әдеттегі нормадан екі есеге жуық артық.
«Бұл ғимараттың бір бөлігін колледж алып отырса, тағы бір бөлігінде Бостандық аудандық соты орналасқан. Бұл жердегі мәселе, неліктен жеке иеліктегі оқу орны мемлекеттің қамқорлығындағы балабақша ғимаратында жұмыс істеуі керек дегенге келіп тіреледі. Сол түйткілдің анық-қанығын білу мақсатында балабақша қызметкерлері мен ата-аналар маған хабарласқан болатын. Аталған жайт бойынша мен тиісті орындармен байланысып, мәселені шешуге тырысамын», - дейді А. Саматдин.