Балаева Берденовтің кейсі туралы: Анонимді телеграм арналардың жұмысын ашыққа шығарамыз
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің оққа ұшуына қатысты пікір білдірді.

— Мен өзім министр ретінде телеграм-каналдардың жұмысына үлкен көңіл аудару керек деп ойлаймын. Өйткені кеше де Шымкент әкімінің орынбасарына қатысты мағлұматтар сол анонимді телеграм-каналдардан басталды да, өкінішке қарай, біздің кейбір ресми БАҚ ақпаратты іліп әкетті. Сондықтан бұл жерде журналистиканың негізгі принциптерін бұзбауымыз керек. Жалпы тергеу жұмыстары бітпей жатып, ешқандай нәтижені айта алмаймыз. Содан кейін күдіктінің аты-жөнін, суретін көрсеткені де үлкен резонанс болды, — деді ол.
Министрдің пайымдауынша, оқиғадан ақпарат таратқан кейбір БАҚ екі тараптың да құқығын бұзған.
— Екіншіден, Руслан Берденовтің өзіне де ақпарат аяусыз болып кетті. Әкімшілікте жұмыс істейтін әйел адамға қырындады деген мәселелер, ондай ақпаратты тарату, менің ойымша ешқандай моральға сыймайды. Тексерілмеген, нақтыланбаған ақпаратты таратуға болмайды. Менің ойымша, қазіргі ақпараттық жұмыста анонимді телеграм-каналдардың жұмысын ашық етуіміз керек. «Кірсабын» каналымен жұмыстың нәтижесі олардың меншік иелерін, оларды жүргізетін адамдарды табуға болатынын көрсетті. Біз осы бағытта жұмыс істейміз, — деді Аида Балаева.
Еске салсақ, екі күн бұрын Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалған еді. Күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Бұған дейін сарапшы Берденовке жасалған қастандық оқиғасына тоқталып, Шымкенттегі қылмыстың өсу себептерін атады.