Балалар арасында тұмау жағдайлары 28 пайызға аз тіркелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният биыл балалар арасында ауруға шалдығу деңгейі төмендегінен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар арасында тұмау жағдайлары 28 пайызға аз тіркелді

«Жалпы, негізгі статистикалық деректерде еліміз бойынша бала туу артты, балалардың аурушаңдығы мен өлім-жітімінің деңгейі төмендеді, оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, 2020 жылдың 9 айында 320 302 бала дүниеге келді, 2019 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда бұл көрсеткіш 5 пайызға жоғары», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 15 пайызға төмендеді.

«Былтырмен салыстырғанда балалардың арасында тұмау жағдайлары 28 пайызға аз тіркелді. 2020 жылдың 9 айында пневмониямен жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, нәресте өлімінің көрсеткіші 2,5 пайызға, балалар өлімінің көрсеткіші 8 пайызға азайды», - деді А. Ғиният.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елімізде COVID-19 диагнозы расталған барлығы 3 164 бала тіркелген, оның ішінде 114 жаңа туған нәресте бар. Қазіргі кезде COVID-19 індеті бар 340 бала бақылауда тұр.