Балалар арасындағы қатыгездікті азайту үшін дағдарыс орталықтарын қолдау қажет – сарапшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар зорлық-зомбылықтың кез келген түрімен, әсіресе отбасындағы және жас балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуі керек. Бұл пікірді «Қорғау Астана» қорының басшысы Анна Рыль айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қазір зорлық-зомбылықтың бұрын-соңды болмаған өсімін көріп отырмыз, тіпті ұлдар ғана емес, қыздардың да арасында төбелес болып жатыр. Асқан қатігездік те байқалады, бір қыз екінші қызды ұрып-соғып қана қоймай, мазақ етіп, киімін шешіп алған. Оған қоса, балалар өз ата-анасынан зәбір көріп жүр, әкесі немесе анасы өз балаларын өлтіріп немесе суицидқа жеткізетін нашар тенденцияны көріп отырмыз. Бұл жағдайлардың бәрі бірнеше рет жүйелі түрде болған», - деді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, барлық қатігездік отбасынан басталады, тұрмыстық зорлық-зомбылықты көріп өскен балалардың буыны есейгенде де зорлық-зомбылық циклін жалғастырады.

Мысалы тұрмысы төмен отбасында бір бала екіншісін өлтірген.

Сарапшының пікірінше, зорлық-зомбылықпен күресу үшін дағдарыс орталықтарын жеткілікті түрде қаржыландыру қажет.

«Әдетте жыл басында дағдарыс орталықтары еш көмексіз, өз қаражатына жұмыс істейді, соған қарамастан адамдарды қабылдауды жалғастырады. Сонымен қатар, балаларға арналған жаңа дағдарыс орталықтары құрылып, оларға қолдау көрсетілуі керек. Кеңес заманындағы қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау жүйесін қайтару керек. Бұл – азық-түлікке көмектесу, баланы балабақшаға қосу, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап ата-ананың өтінішімен балаларды қысқа мерзімге қалдыру мүмкіндігі болуы мүмкін», - деді А. Рыль.

Қор басшысының пікірінше, отбасында балаға қатысты зорлық-зомбылық болса, баланы отбасынан алып қою алгоритмін әзірлеу қажет.

Мысалы, қор қызметкерлеріне мұндай жағдайлар белгілі болуы мүмкін, бірақ қазіргі қолданыстағы рәсім өте ұзақ.

Баланы алып қою бірнеше шақырудан кейін, мәселе комиссияның қарауына шығарылған соң ғана жүзеге асады.

«Зорлық-зомбылықтың өзі ғана емес, зорлық-зомбылыққа қалай жауап беру керектігі, көмек сұрауға болатын ұйымдардың атауы мен байланыстары көрсетілетін бейнероликтер, фильмдер, хабарлар түсіру керек. Мектептерде тренинг өткізу, қауіпсіздік бойынша сабақтарды қосу қажет. Қазақтілді азаматтар үшін ақпараттың қолжетімділігін арттырған жөн», - деп толықтырды Анна Рыль.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кеткенін айтты.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар
telegram