Балалар арасындағы құқықбұзушылық азаймай тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бала тәрбиесіндегі ата-ананың орны ерекше. Бүгінгі таңда осы жауапкершіліктің азайып бара жатуы себепті балалар арасындағы құқықбұзушылықтың артып отырғаны жасырын емес.

Балалар арасындағы құқықбұзушылық азаймай тұр

Осы мәселеге орай Алматы қаласындағы мектептердің бірінде «Қоғамда құқықбұзу-шылықтардың алдын алу жолындағы отбасының рөлі» тақырыбында жалпыхалықтық онлайн ата-аналар жиналысы өтті. Арнайы трансляция арқылы жүргізілген жиынға Алматы қалалық Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жеңіс Жандарұлы, Алматы қаласы ішкі істер басқармасы ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Лейла Аманбайқызы, қалалық білім беру басқармасының Рухани-адамгершілік тәрбие бөлімінің басшысы Қатипа Қасқырқызы, «Свободные люди» қауымдастықтарды дамыту қоғамдық қорының директоры Виктор Мальчиков, қалалық ЖИТС орталығының дәрігер-эпидимиологы Меруерт Тұрынбет экранның ар жағындағы ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Жасөспірімдер арасындағы құқыбұзушылықтың алдын алу іс-шараларын жүргізу мемлекеттің тапсырмасы» деген Кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Жеңіс Жандарұлы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ювеналды сот қалалық білім басқармасымен, ішкі істер департаменті ювеналды полиция бөлімімен, қалалық прокуратурамен бірлесе жүргізген жұмыстарының нәтижесі зор екендігін жеткізді. Мысалы, қалалық білім беру мекемелерінде жоғарыда аталған орган өкілдерімен бірлесіп жасөспірімдерге құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ұдайы дәрістер оқылып тұратындығын, олардың көкейінде жүрген сан түрлі сұрақтың жауабын алуға мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті. Ішкі істер басқармасы ювеналды полиция бөлімінің басшысы Лейла Аманбайқызы жасөспірімдердің қылмыс жасауына түрткі болатын бірнеше себептерге тоқталды. Біріншіден, ата-анасы, жағдайы жақсы бола тұра ата-ана қолдауының жетіспеушілігі, олардың тарапынан бөлінетін көңілдің аздығы жасөспірім қылмысына түрткі болса, екінші себеп, әлеуметтік теңсіздіктер. Тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың қылмыс жасауына материалдық жетіспеушіліктер, жан-жағындағы кемсітушіліктер көп себеп болатынға ұқсайды. Үшіншіден, үйдегі ата-ананың теріс қылық көрсете отырып баласына тәрбие беруі, ішімдік ішу арқылы бала психологиясына кері әсер етуі де жасөпірімдердің қылмыс жасауына түрткі.

Жиында елең еткізер тағы бір жайт, бүгінде жастар арасында есірткі заттарын пайдалану мәселесі сөз болды. Әртүрлі дәйек келтіре отырып, баяндама жасаған «Свободные люди» қауымдастықтарды дамыту қоғамдық қорының директоры Виктор Мальчиковтің сөзіне сенсек, анаша, героин, марихуана сынды наркотикалық препараттарға мемлекет тарапынан шектеудің қойылғанына қарамастан жасөспірімдер арасында аталған препараттар қолжетімді болып тұр. Қоғам үшін қауіптілікке баланып отырған бұл жайттың да орын алуына тағы да ата-анамен бала арасындағы байланыстың болмауы себебі алға шықты. Ал, ЖИТС орталығының дәрігер-эпидемиологы Меруерт Тұрынбет әлемді алаңдатып отырған қауіпті жұқпалы аурудың жасөспірімдер арасындағы ахуалы жайында баяндап берді. Оның айтуынша, соңғы 5 жылдың ішінде елімізде жыныстық жолдар арқылы АҚТВ инфекциясын жұқтыру белең алған. ЖОО студенттерінің арасында 33 адам, ал, оқушылар арасында 5 жасөспірім АҚТВ инфекциясын жұқтырған. Соңғы жылдары жаңа түрге, сипатқа ие болып келе жатқан бұл ауру түрі әйелдер арасында таралуы жиілеген.

Жиын соңында жалпы, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жолында ата-ананың мұғалімдермен бірлесе жұмыс істеуінің арқасында көптеген келеңсіздіктің жолын кесуге болатындығы нақтыланды. Шара соңында жиылғандар мұндай іс-шаралардың ары қарай да жалғасатынын айтып тарқасты.