Балалар демалысы моншаларда ұйымдастырылып жүрмесін – Үкімет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда өткен жылғы кемшіліктерге жол бермеуді ескертті.

Олжас Бектенов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Былтыр өздеріңіз көрдіңіздер, жазғы лагерлер моншаларда, басқа да балалар демалысына жарамсыз орындарда ұйымдастырылған болатын. Биыл оған жол берілмесін. Жеке бақылауыңызға алыңыз және қатаң бақылауда ұстаңыз», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың жазғы демалысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жедел ден қою және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін 20 өңірлік штаб үйлестіретінін атап өтті.

«Олардың ведомствоаралық комиссиядағы жұмысы үнемі қаралады. Ал Ішкі істер министрлігі полиция инспекторларын әр жазғы демалыс орталығына бекіту пысықталуда. Денсаулық сақтау министрлігінде жазғы лагерьлердің санэпидстанциялардың қорытындысын алу мәселесі ерекше бақылауға алынды. Бұл мәселе менің тұрақты бақылауымда», - деді Ғ. Бейсембаев.

Еске сала кетсек, былтыр Алматыда балалардың саунадағы «жазғы демалысынан» кейін бүкіл лагерьлер тексеріліп шыққан еді.

Биыл елімізде 10 мыңнан астам демалыс орнында 3 млн-ға жуық бала жазғы демалысын өткізеді.

Әсіресе, тасқын су болған өңірлердің балалары сауықтыру орталықтарына жіберіледі.

«Қазақстан халқына» қоры 20 мың балаға тегін жолдама береді.