Балалар денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғалатын болады

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Балаларды жалпы және психологиялық денсаулығына, адамгершілік, рухани, психикалық, әлеуметтік дамуына зардабын тигізетін ақпараттардан,

Балалар денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғалатын болады

сонымен бірге зорлық-зомбылық пен қатыгездікті, порнографияны насихаттайтын, қоғамға қарсы мінез-құлық танытуға, құқық бұзуға итермелейтін ақпараттардан қорғаудың  заңнамалық  кепілдіктері қамтылатын болады. Аталған мақсаттағы  «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы  кеше Мәжілісте таныстырылған болатын.

Жалпы мұндай құжатты әзірлеу мен қабылдаудың қажеттігі балаларды жаңа ақпараттық технология қауырт дамып отырған кезеңде (интернет, ұялы телефон, хабар таратудағы сандық технология, электронды байланыстың басқа да түрлері) зиянды ақпараттан заң арқылы қорғаудың маңызы айрықша екендігімен түсіндіріледі. Шындығында, БАҚ арқылы, жалпы пайдаланудағы ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе арқылы таратылатын жарнама өнімдері,  электрондық және компьютерлік ойындар, кино-бейне, басқа да аудиовизуалдық хабарламалар мен материалдар балалардың мінезіне барған сайын психикалық кері әсер ете бастағаны, агрессияға, қатыгездікке, қоғамға қарсы әрекеттерге баулитыны, қылмыс жасауға итермелейтіні қайта-қайта дәлелденуде.

Осыған орай, заң жобасын әзірлеу барысында балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғаудың шетелдік озық іс-тәжірибесі, оның ішінде АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Нидерланды, Норвегия, Италия, Жапония және басқа дамыған елдердің осы тектес заңдары сараланған. Олардағы балаларды адамгершілік сезімнен суытатын, психикасы мен денсаулығына зардабын тигізетін, қатыгездікті насихаттайтын, жеткіншектерді рухани аздыратын ақпараттан қорғауға арналған құқықтық шаралар қарастырылды.

Мәжілістегі заң жобасында республиканың заңнама тарихында алғаш рет компьютерлік және өзге де электронды ойындарды таратушылардың міндеттері сараланып отыр.

«Біз осы ойындарда балаларға ұсынуға тыйым салынған ақпараттық өнімдерге тән көріністердің болмауына қол жеткізуді ойластырдық. Оларда агрессивті күш көрсетуге және өзге де қоғамға жат іс-әрекеттерге арандататын сюжеттер кездеспеуге тиіс. Компьютер арқылы баланың виртуалды кісі өлімін, азаптау, қорлау, жәбірлеу әрекеттерін қолдан жасай алуына жол бермеу талап етіледі. Интернет-ресурстар, ұялы радиотелефон байланыс желілері қызметтерінің провайдерлері, интернет-ресурстарға ұжымдық қол жеткізу пунктерінің иелері мен құрылтайшылары заң жобасындағы осы және басқа қағидаларды  орындауға міндеттеледі. Шәкірттерге арналған дәптерлерді, күнделіктерді, кітап тыстарын, кітап белгілерін, мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде пайдаланылатын өзге де полиграфиялық өнімдерді безендіру жас сыныптамасы  категорияларына лайық болуға тиіс»,- дейді заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Алдан Смайыл.