Балалар құқықтарын қорғайтын нақты мемлекеттік орган болуы тиіс - депутат Д.Назарбаева
АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгінде балалар құқықтарын қорғайтын нақты мемлекеттік органды анықтап алу қажет. Бүгін Астанада басталған «Сәбимен кірер шаңырақтың сәні» атты азаматтық форумда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәдени-әлеуметтік даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева осындай мәселені көтерді.
Оның хабарлауынша, осы уақытқа дейін балалар құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысына сараптама жүргізілді. «Біз бір нәрсені түсіндік, бүгінде бала мен отбасыға қатысты бірыңғай әлеуметтік саясат қалыптаспаған. Ал балалардың құқықтарын қорғау жауапкершілігі сан алуан органдарға жүктелді. Алайда оның өзі формалды түрде болып отыр. Меніңше, осы орайда маңызды бір мәселені шешіп алған жөн. Қай мекеме жетім қалған балалар үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны басынан бастап аяғына дейін жеткізеді? Ол Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрлігі болуы тиіс деп ойлаймын», - деп атап көрсетті Д.Назарбаева.