16:12, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Балалар мәдени, рухани, діни және ұлтаралық қатынасты қуаттайды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Балалар мәдени, рухани, діни және ұлтаралық қатынасты қуаттайды. Бұл «Төзімділік - әлем мәдениетіне бастар жол» деп аталатын балалардың республикалық көркем шығармашылық байқауында айқын аңғарылып отыр.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов бүгін Алматыда байқауда жоғары бағаланған суреттердің тұсаукесер көрмесінде осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Әр ұлттың ғана емес, әр отбасының да өзіндік дәстүрлері бар. Сол себепті балалар өз шығармасында көрген-білгендерін бейнелейді. Байқауды ұйымдастырған кезде біз алдымызға балалар толеранттықты қалай түсінеді, соны білейік деген мақсат қойғанбыз. Оған қол жеткіздік. Балалардың бәрі өз туындыларында тек қана ашық бояуды пайдаланыпты. Онда бейбіт өмір мен өз отбасындағы шат-шадыман сәттер, әсем ғимараттар бейнеленіп отыр. Тіпті кейбір суреттердің маңызы өте жоғары», дейді Бектас Мұхамеджанов. ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры сөз еткен туындыларда көрініс тапқан мәселенің бірі - отбасы тақырыбы. Сарапшылардың мыңнан астам баланың шығармаларынан сұрыптап алған 54 жұмысының ішінде оған арналған бірнеше сурет бар. Соның бірі Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласының №5 орта мектебінің 16 жасар оқушысы Анар Хаджиеваның туындысы. Ол акварельмен салынған «Немере» деп аталатын шығармасында немересінің бал қылығына мәз болған ата-әженің суретін бейнелейді. Сондай-ақ Өскемен қаласындағы «Сурет» изостудиясының тәрбиеленушісі 10 жастағы Шұғыла Қайлинова «Бір шаңырақ астында», Ақтөбе облысының 12 жастағы тұрғыны Жұлдыз Әбдірахманова «Әже және біз» деген деген шығармасында көп балалы отбасыны салған. Ал Алматыдағы №2 гимназиядан 14 жасар Элина Әшімбаева «Менің отбасым» деген шығармасында 4 адамнан тұратын қалалық жердегі отбасыны бейнелеген.