21:38, 08 Қазан 2013 | GMT +5
«Балалар намазына» сегіз мың жеткіншек қатысты
АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Ыстамбұл шаһарындағы Фетих сұлтан атындағы мешітте 3 жастан 18 жасқа дейінгі 8 мыңдай жеткіншек намаз оқыды. Бұл туралы muslim kz. хабарлады.

«Менің жеті жастамын, мен намаз оқимын» деген ұранмен өткен айтулы шараға Түркияның діни қызмет көрсету қауымдастығы мұрындық болған болатын. Жамағат болып намазға жығылған жас бүлдіршіндерге ұйымдастырушылар тақия, қол орамал, дұға кітапшалары салынған сөмкешелер үлестірілді.
Ыстамбұл ауданының әкімі Мұстафа Демирдің сөзіне қарағанда, мұндай шаралар баланы тура жолға салып, ұйымшылдығын арттырады. «Бала - әлі өңделмеген алмас секілді. Біздің мақсат - оларды иман нұрымен сусындатып, күн сәулесіне шағылысатын алмастай етіп шығару. Бұған Алланың сөзінен артық қандай тәрбие құралы керек»,- деді ол өз сөзінде.