Балалар онкологиясы және гематология ұлттық орталығы құрылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде Балалар онкологиясы және гематология ұлттық орталығы құрылуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Алматы қаласының денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы инфрақұрылымын міндетті түрде жаңарта отырып, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығын біріктіру арқылы Алматыда Ана мен бала ғылыми орталығын құру мәселесін пысықтап жатыр», - деді Тамара Дүйсенова жауабында.
Оның атап өтуінше, мұнан кейін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының босаған ғимараты базасында Балалар онкологиясы және гематология ұлттық орталығы құрылмақ.
«Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту, оның ішінде жоғарыда аталған орталықтарды құру мәселесі Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2023 жылдың 22 маусымында өткен отырысында қарастырылды. Осыған байланысты Ұлттық балалар онкологиясы және гематология орталығы құру бойынша сауалға нақты жауап мүдделі мемлекеттік органдармен қосымша пысықталған соң беріледі», - деді вице-премьер.