«Балалар пакеті» ғаламторды сүзгіден өткізуге көмектеседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда балаларды жаһантордағы зиянды заттардан қорғау мәселесі қарастырылып жатыр. Көп ұзамай ғаламторды сүзгіден өткізуге көмектесетін «Балалар пакеті» іске қосылады. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың халыққа есеп беруі кезінде мәлім болды. Министр мұндай пакеттің 2017 жылдың соңына дейін іске қосылатынын жеткізді.
Елімізде әлеуметтік желілер арқылы суицидті насихаттайтын 500 қауымдастықтың қолжетімділігіне шектеу қойылған. «Министрлік жаһантор желісіндегі заңға қайшы контенттің таралуына қатысты тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, терроризм, діни экстремизм, порнография, қатігездік, зорлық-зомбылық және суицидке табынушылықты насихаттайтын 31 мың материалға тыйым салынды»,- деді Дәурен Абаев.
Айтпақшы, биылғы жылдың басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандық жасөспірімдердің суицидті насихаттайтын әртүрлі топтар мен қауымдастықтарға тартылғаны туралы ақпарат кеңінен тарады. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі БАҚ-тарға берген жауабында мынадай мәлімет жариялады: «Бас Прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегі бойынша, 2017 жылы қаңтар айында елімізде кәмелеттік жасқа толмағандар арасында суицидке ұрынған 20 оқиға тіркелген».
Сөйтсек, суицид туралы кеңінен насихат жүргізетін әлеуметтік желілердегі қауымдастықтар екен. «Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Бас Прокуратура және ІІМ-мен бірлесе отырып, сондай топтарды анықтап, қолжетімділігіне тосқауыл қою бағытында тиісті іс-шараларды жүзеге асырды. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың басынан бастап әлеуметтік желілердегі суицидті насихаттайтын 600 материалға, 500 қауымдастықтың қызметіне тыйым салынды. Біздің министрліктің сайтында арнайы бөлім ашылды. Кез-келген ғаламтор қолданушысы күмән туғызған материалды көретін болса, құпия жағдайда ақпарат жолдай алады»,- деп атап айтты министр.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі операторлармен бірігіп, балаларды жаһантордағы зиянды заттардан қорғау үшін сүзгіден өткізу мәселесін шешудің жолдарын қарастыруда. Ол жүзеге асырылуы үшін ақпарат туралы заңға түзету енгізіледі. «Ең алдымен, бұл жаһанторда «балалар пакетін» енгізу мәселесі. Яғни, балалар қауіпсіз жаһантор қызметін тұтынсын десек, әр баланың білім алуы мен ойын ойнауына қажетті материалдары бар сайттардың тізімі жасалады. «Балалар пакетінде» әр баланың жасы мен психологиясы бойынша рұқсат етілетін ақпарат қана болады»,- деп түсіндірді министр.
Аталған контенттің қалыптасуына құзырлы министрліктің Байланыс, ақпараттандыру және БАҚ саласындағы мемлекеттік реттеу жөніндегі комитеті мен ұялы байланыс операторлары жауап береді. Дәурен Абаев бұл қызмет түрінің ағымдағы жылдың соңына дейін енгізілетінін хабарлады.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев Қазақстандағы ұялы байланыс қызметін жақсарту туралы да баяндады. Ресми мәліметтер бойынша, еліміздің тұрғындарының 96 пайызы - 2G, 87 пайызы - 3 G, 69 пайызы - 4G стандартындағы ұялы байланыс қызметін пайдаланады екен. Биылғы жылдың аяғына дейін 51 аудан орталығы 4G желісіне жалғанады. Демек еліміздегі барлық аудан тұрғындары жоғары жылдамдықтағы жаһанторды пайдалана алады деген сөз.