Балалар спортын дамытуға не кедергі – Қазақстан спортшылар одағы түсіндірді
«Балалар және жасөспірімдер арасында спортты дамытудағы басты проблема – жаттығатын инфрақұрылым жетіспейді. Айтар болсақ, Астана, Алматыда көркем гимнастикаға арналған биіктігі кем дегенде 12 метр болатын спорттық құрылым жоқ. Аталған спорт түрінің өзіндік нормалары бар. Өткен жылы төтенше жағдай болды, қыз бала биіктігі 2,8-3 метр болатын ғимаратта гимнастикамен айналысқан. Сол сәтте қолындағы булава (спорттық құрал) ұшып кетіп, көзін жарақаттаған. Көркем гимнастикаға назар аударуды ата-аналар да сұрап жатыр. Өткен жылы 250 ата-ананың қолы қойылған петиция келді. Оған себеп - балалар айналысатын спорт залды алып қойып, оны басқа спортшыларға берген», – деді Азамат Қарлығашев телеарнаға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, жаппай спортты дамытуға қатысты шағым-өтініш өте көп.
Қазақстан спортшылар одағы аталған мәселені құзырлы органдар мен депутаттардың алдында көтеріп келеді.
«Проблема шетінен шешіліп жатыр. Айналып келіп бюджетке тірелетіні түсінікті. Жергілікті атқарушы органдар мәселеге мән берсе деген тілегіміз бар. Біз кәсіподақ секілді жұмыс істейміз, спортшылардың құқығын қорғаймыз», - дейді ол.
Бүгінде Қазақстан спортшылар одағының 3 мыңнан астам мүшесі бар. Сол сияқты ел аумағында 19 филиалы бар.