Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдердің 90-95 пайызы психотерапевтің көмегіне зәру

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Еліміздегі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдердің 90-95 пайызы психотерапевтің көмегіне зәру. Бүгін депутат Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Дара» қайырымдылық қорының басшысы Мадина Бакиева осылай мәлім етті.

Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдердің 90-95 пайызы психотерапевтің көмегіне зәру

Қор басшысының айтуынша, интернат түріндегі мемлекеттік мекемелерге орналастырылған жетім балалар ата-ана қамқорлығынан ғана айырылып қалмайды, олардың құқықтарының жиі бұзылатыны, оларға зорлық-зомбылық жасалатыны туралы фактілер де ұдайы кездеседі. «Мәселен, ағымдағы жылы Бас прокуратура интернат түріндегі балалар үйлеріне кешенді тексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша арнайы баяндамасын жариялаған болатын. Соның қорытындыларына сүйенсек, Қазақстанда жетім балалардың құқығы жиі бұзылып келеді. Бұлардың қатарына олардың тыныс-тіршілігінен бастап, жетімдердің мүліктік құқықтарының бұзылуын да, өкінішке қарай, зорлық-зомбылыққа ұшырау мен шектен тыс қатал қарым-қатынастың орын алуын да жатқызуға болады. Бұндай сорақылықтарды ақпарат құралдарынан да жиі еститін болдық», - дейді М. Бакиева.

Бұл ретте қор басшысы мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленетін балалар арасында әсіресе психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын жағдайлардың артып отырғанын алға тартады. «Шындығында дәл осы мәселеге кейде көңіл бөлінбей жататын секілді. Ал біздің психолог-мамандарымыз интернаттағы жетім балалардың арасында тестілеу өткізіп, олардың 90-95 пайызы терең психологиялық зақым алғанын анықтап та жатыр. Яғни, мекемелердегі балалардың басым бөлігі психотерапевтің көмегіне зәру деген сөз», - дейді Қор басшысы.