Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық көрсету мақсатымен арнайы қайырымдылық шара өткізілді
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Азия ойындарының қарсаңында елордамызда Азиаданың ашылу салтанатына арналған билеттерді табыстау рәсімімен ұштасқан қайырымдылық шара өткізіліп, балалар үйінің тәрбиеленушілері «Астана-Арена» стадионында өтетін Азия ойындарының ашылу салтанатын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Шараға Астана қаласы білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина мен «Алтын 21» ЖШС-нің директоры Софья Шарипова қатысты.
Игі шара барысында балалар үйінің директоры Гүлмира Кәрібаева кіріспе сөз сөйледі. Астана қаласы білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина өз сөзінде Азия ойындарының маңыздылығына тоқталып, тәрбиеленушілерге патриоттық-тәрбиелік мәні бар лебіз айтты.
Қайырымдылық шара аясында Софья Шарипова балалар үйінің тәрбиеленушілерінеАзия ойындарының ашылу салтанатына арналған 100 кіру билетін табыс етті.
Қайырымдылық шарасы балалар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
Бұл игі бастама жанары жәудіреп, жылылық күтетін жас бүлдіршіндерге қоғам тарапынан көрсетіліп жатқан мейірім мен қамқорлықтың ізгілікті көрінісі болды.