Балалар үйлері мен интернаттық мекемелер тәрбиеленушілері арасындағы алғашқы республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Балаларды қорғау күнінің қарсаңында «Болашақ» қауымдастығының корпоративтік қоры қайырымдылық мақсатпен еліміздің балалар үйлері мен интернаттық мекемелерінің тәрбиеленушілерінің арасында «Мен өмір сүріп жатқан әлем» атты бірінші республикалық байқауын өткізді.

Балалар үйлері мен интернаттық мекемелер тәрбиеленушілері арасындағы алғашқы республикалық байқаудың жеңімпаздары  анықталды

 16 бала байқау жеңімпазы атанды.   

Аталған іс-шараның ұйымдастырылуына Астана қаласындағы «ЮНЕСКО клубы - балалар көркем мектебі» атсалысты. Жоба демеушісі - «ҚазТрансГаз» АҚ.  

Байқау балалар үйлері мен интернаттардың дарынды тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетуге, олардың шығармашылық шеберлігін дамытуға бағытталған. Байқауға 11-16 жас аралығындағы балалар қатысты.  Тақырыптары: «Менің Қазақстаным - менің жерім», «Біз татулықта өмір сүреміз!», «Менің арманым».

11-13 жас аралығындағылар арасында бірінші орынға Алматы қаласының №15 мектеп-интернатының оқушысы Әйгерім Омарқұлова мен Солтүстік Қазақстан облысының Соколов арнайы мектеп-интернатының оқушысы Вадим Устимиров ие болды. 14-16 жаста Екібастұз қаласының «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Қарғабай Әбішев пен Алматы қаласының №9 мектеп-интернатының оқушысы Амангүл Сақыбекованың жұмысы үздік атанды.

Астана қаласында 6-8 маусым күндері өткізілетін салтанатты іс-шарада байқау жеңімпаздарына дипломадар, сертификаттар, бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жыл сайын өткізілетін болады.