Балалар жылы: ШҚО-да биыл бір балаға көрсетілген медициналық қызмет сомасы 22% артты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл балаларға 11,3 млрд теңгеге медициналық қызмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар жылы: ШҚО-да биыл бір балаға көрсетілген медициналық қызмет сомасы 22% артты

Шығыс Қазақстандағы емханаларға тіркелген балалар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде облыс бойынша 367 656 бала бар.

«2022 жыл – Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Балалар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылған. Олар үшін жарналарды ЖСН алған сәттен бастап кәмелетке толғанға дейін мемлекет төлейді. Бұл балаларға ТМККК аясында ғана емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін медициналық көмекті де алуға мүмкіндік береді. Жалпы өңір бойынша биыл балаларға 11,3 млрд теңгеге медициналық қызмет көрсетілді», - дейді ӘМСҚ ШҚО филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев.

Жыл басынан бері балаларды тәулік бойғы стационарларда емдеу үшін 4,2 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды.

Ал жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге шамамен 20 млн теңге бөлінген.

«МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық оңалту сынды маңызды бағыт қарқынды дамып келеді. Балалар оңалтуға тегін жіберіледі. Осы жылы тәулік бойғы және күндізгі стационарлар жағдайында екі мыңға жуық бала емделді», - деді Нұрлан Қыдырбаев.

Оның айтуынша, биыл бір балаға көрсетілген медициналық қызмет сомасы 22%-ға артып отыр.