Балалар жылында қандай іс-шаралар атқарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Балалар жылын қорытындылап, өткізілген шараларға тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдениет және спорт министрлігі биылғы Балалар жылын өткізу аясында барлық көзделген тапсырмалар мен іс-шараларды жүзеге асырды. Осы жыл ішінде 69 ауқымды шара көзделген. Оның ішінде 9 шараға Мәдениет және спорт минстрлігі негізгі орындаушы және қалғанына қосымша орындаушы болып белгіленді. Барлық жұмыс балаларды шығармашылық және спорттық тұрғыдан сапалы қамтамасыз етуге бағытталды. Жалпы мәдениет саласында 1 млн-нан астам баланы қамтитын бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асты. Оның ішінде, республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени білім беру онлайн жобасы ұйымдастырылды, қазірде ол сайттар мен әлеуметтік желілерде жүргізілуде. Қазіргі таңда қаралым саны 2 млн-нан асып отыр. «Ұлағатты ұрпақ» платформасының мақсаты – біздің тарихымыз бен мәдениетімізді сол саланың мамандарының көмегі арқылы насихаттау.

Екінші ауқымды жоба – оқушының мәдени нормативтік жобасы. Бұл еліміздегі мектептердің 20 пайызын қамтыды. Балалардың мәдени нормативі аясында оқушылар өнер мен мәдениетте қандай жұмыстарды білуі керек деген сұрақтарға жауап іздейді. Сонымен қатар, балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» сайты іске қосылды. Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам кітапты осы сайтқа орналастырдық», - деді Нұрғиса Дәуешов.

Бұдан өзге, биыл ерекше қабілеті бар 250-ден астам баланы қамтыған «Таланттар арамызда» республикалық фестивалі өткен. Сондай-ақ, «Әжемнің ертегілері» атты ертегілердің аудионұсқасы топтастырылған онлайн платформасы құрылған.

«Балаларға арналған «Мейірім» фестивалі өткізілді. Жаз мезгілінде «Жазғы кино» әлеуметтік жобасы өтті. Сонмен қоса, жаз бойы көмекке мұқтаж, көпбалалы отбасылардың балалары үшін тегін кино көрсетілімдері ұйымдастырылды. Балалар жылы аясында Ұлттық музейде графика және кескіндеме өнеріне баулыған шаралар өткізілді», - деп түйіндеді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар