Балалар жылының соңғы күні: ШҚО-дағы «Үміт» балалар үйіне автобус тарту етілді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Балалар жылының соңғы күнінде «Үміт» балалар үйіне Мемлекет басшысының атынан автобус сыйға тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балалар жылының соңғы күнінде және Жаңа жыл қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін «Үміт» балаларды қолдау орталығына барды. Әкім мерекелік шараға қатысып, балаларды Жаңа жылмен құттықтап, әрқайсысына кітап және орталыққа шағын автобус сыйлады.

«Бүгін орталық педагогтері мұнда жылы отбасылық атмосфера қалыптастыра алды. Үйірмелер мен секциялар, компьютерлік сыныптар балаларға бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларға кітаптар жиынтығы, ал орталыққа шағын автобус сыйға тартылды. 2023 жылы облыстың барлық мектептерінде робототехника сыныптарын жаңартамыз. Ал, «Үміт» орталығының жанынан спорт орталығын саламыз, онда барлық шағын ауданның балалары бара алады», - деді Даниал Ахметов.

Әкім биыл өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл лауазымы енгізілгенін атап өтті.

«Алдағы уақытта да білім саласына және балалар денсаулығына ерекше назар аударуды жалғастырамыз. Жаңа жыл қарсаңында барлық балаларға, ата-аналар мен мұғалімдерге отбасылық бақыт, денсаулық пен амандық, жаңа табысты жобалар тілеймін. Жаңа жылдарыңызбен!» - деді облыс әкімі.

Жаңа жыл қарсаңындағы керемет сый үшін балалар Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтты.

«Мұндай шағын автобусты көптен бері армандадық. Енді бізде өз автобусымыз бар, онымен секцияларға, үйірмелерге және түрлі шараларға барамыз», - деді олар.

Сонымен қатар, таяуда ҚР Президенті мен облыс әкімі Даниал Ахметовтың жаңа жылдық шыршалары өткізілген. Мерекелік шараға өңірдің түкпір-түкпірінен 450 бала қатысты. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беруді қажет ететіндер, оқуда, спортта, шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды балалар болды. Балаларға тәтті сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар берілді.

Айта кету керек, ШҚО-да Балалар жылына орай 130-ға жуық шара өтті. Барлығы 181 266 бала қамтылған.


Соңғы жаңалықтар