Балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтайтын 440-тан астам орталық ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балаларға ерте жастан медициналық көмек көрсету жүйесі жетілдіріліп келеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада өткен халықаралық конгресте айтты.

Особенный ребенок в семье
Фото: Pexels

– Ана мен бала денсаулығына, балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы бір жылда елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының жанынан 440-тан астам даму және ерте араласу орталығы ашылды. Онда түрлі сала мамандары бірлесіп жұмыс істейді, – деді министр.

Ақмарал Әлназарова мұны балалар мен олардың отбасыларына ерте қолдау көрсету жүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам деп бағалады. Оның айтуынша, орталықтар баланың дамуындағы бұзылыстарды уақтылы анықтап, қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздегі даму және ерте араласу орталықтарының жұмысы туралы жазғанбыз.