Балалардың деректерін пайдаланып, 65,9 млн теңгені заңсыз алған стоматология басшысы сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын заңсыз иемдену фактісі анықталды.

тіс емдеу
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Екі жеке стоматологиялық клиниканың басшысы туа біткен патологиясы бар балаларға көрсетілмеген медициналық қызметтерді ақпараттық жүйеге енгізіп, мемлекеттен 65,9 млн теңге алған.

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, клиника басшысы пациенттердің дербес деректерін пайдаланып, балаларға ортодонтиялық қызметтер көрсетілді деген жалған мәлімет енгізген. Соның негізінде МӘМС қорының қаражатынан медициналық ұйымдарға заңсыз төлемдер аударылған.

— Прокурорлық тексеру нәтижесінде аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен қылмыстық іс тіркелді. Сот үкімімен кінәлі тұлға сотталды. Мемлекетке келтірілген 65,9 млн теңге көлеміндегі залал толық өтелді, — деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалар стоматологиясындағы кезек мәселесін шешуді талап еткенін жазғанбыз.