Балалардың интернет қауіпсіздігі: әлемдік тәжірибе қандай? — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Орталық Азиядағы алғашқы люкс туристік пойыз жобасы бойынша келісімге қол қойылды — ӨзА
Ташкент халықаралық инвестициялық форумы аясында Орталық Азиядағы алғашқы люкс санатындағы туристік пойыз — «Самарқанд Экспресс» жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты келісімге қол қойылды.
Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Құжатқа Италияның Arsenale International компаниясының бас директоры Раффаэле Брески, Өзбекстан Мәдениет және өнерді дамыту қорының төрайымы Гаяне Умерова және «Өзбекстан темір жолдары» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Хикматулла Рахметов қол қойды.
Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, жоба Өзбекстанның теміржол инфрақұрылымын жаңғыртып, елдің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған. «Самарқанд Экспресс» Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларын байланыстырып, туристерге Ұлы Жібек жолының тарихи бағыттарымен жайлы жағдайда саяхаттауға мүмкіндік береді.
Пойыздың интерьері италиялық дизайн мен өзбек ұлттық мәдениетінің элементтерін үйлестіреді. Сонымен қатар жоба аясында туризм саласына қажетті мамандар даярлау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықаралық қызмет көрсету стандарттарын енгізу көзделген. Алғашқы рейс жақын уақытта іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «ӨзА»-да «Алматы мен Үргеніш арасында тікелей әуе рейсі ашылады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған басылымның мәліметінше, Қазақстанның «FlyArystan» әуе компаниясы 2026 жылғы 3 қыркүйектен бастап Алматы — Үргеніш — Алматы бағыты бойынша жаңа халықаралық рейсті іске қосады. Рейстер аптасына екі рет — бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Хабарламада айтылғандай, жаңа бағыт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, туристік, іскерлік және отбасылық сапарларға қосымша мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама екі ел арасындағы байланыстарды нығайтып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Үргеніш — Хорезм облысының басты әуе қақпасы әрі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи Хиуа қаласына баратын негізгі бағыттардың бірі. Жолаушылар сондай-ақ Алматы арқылы халықаралық әуе желілеріне қосылу мүмкіндігіне ие болады.
Иран Қазақстанмен көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайтады — Eurasia Today
Иран Ислам Республикасының Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садеқ Қазақстанға сапары барысында екі ел арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру мақсаты көзделгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Астанада Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды Eurasia Today ақпарат агентті.
Аталған басылымның дерегінше, Қазақстан тарапы Иранды өңірдегі маңызды сауда-экономикалық серіктес ретінде атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын растады. Тараптар 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 26,4%-ға өсіп, 430,2 млн долларға жеткенін, ал сауданы 3 млрд долларға дейін ұлғайту әлеуеті бар екенін жеткізді.
Келіссөздерде «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту және транзиттік тасымал көлемін арттыру мәселесі ерекше қаралды. Сондай-ақ теміржол және порт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде Шахид Раджаи, Чабахар және Каспий теңізі бағыттарындағы жобалар талқыланды.
Бейжіңде Қытай мен Қазақстанның үшінші сараптамалық орталықтар форумы өтті — Халық газеті
12 маусымда Бейжіңде «Қытай мен Қазақстанның үшінші сараптамалық орталықтар форумы» өтті. «Қытай мен Қазақстан: ортақ даму және жаңғырту» тақырыбындағы жиынға екі елдің ғылыми-зерттеу институттарынан 50-ден астам сарапшы мен ғалым қатысты. Бұл туралы осы аптада Қытайдың Халық газеті басылымы хабарлады.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, форумда Қытай ғылым академиясының Ресей–Шығыс Еуропа–Орталық Азия институтының директоры Сун Чжуанчжи мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов сөз сөйлеп, халықаралық жағдайдың өзгеруі аясында сараптамалық орталықтардың рөлі артып келе жатқанын және екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті.
Қатысушылар Қытай мен Қазақстанның сауда-экономика, энергетика және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары екенін айтты. Форум Қытай ғылым академиясының Ресей–Шығыс Еуропа–Орталық Азия институты мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
Сондай-ақ, Халық газеті басылымында «Юньнаньдағы бір ағашқа 110-ға жуық ара ұя салған» деген тақырыптағы қызықты ақпарат жарық көрген.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қытайдың Юньнань өлкесіндегі Пуэр қаласына қарасты Ланьцан Лаху автономиялық ауданындағы Цзинмай тауында өсетін биіктігі шамамен 50 метрлік тау інжір ағашының бұтақтарына 110-ға жуық ара ұя салған. Ерекше көрініс жергілікті тұрғындар мен туристердің қызығушылығын тудырып отыр.
Жергілікті халық бұл ағашты «Ара патшасы ағашы» деп атайды. Ірі мерекелер кезінде тұрғындар осында келіп, дәстүрлі «ара шақыру» рәсімін өткізеді. Сонымен қатар ағашқа жақындап, ұяларды бұзуға немесе бал жинауға қатаң тыйым салынған.
Мамандардың айтуынша, аралар мен өзге де жәндіктер өңірдегі ежелгі шай ағаштарын тозаңдандыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан «Ара патшасы ағашы» биоалуантүрліліктің және табиғат пен жергілікті мәдениеттің үйлесімді байланысының символы саналады.
Иран мен Қазақстан сауда алмасуын 3 миллиард долларға дейін арттыру мақсатын қойды – ParsToday
Иран мен Қазақстан екіжақты сауда айналымын 3 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізуге уағдаласты. Бұл туралы Қазақстанда өткен екі ел министрлерінің кездесуінде айтылды, деп жазды ParsToday.
Ирандық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иранның Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садеқ екіжақты ынтымақтастықты күшейту және логистикалық жобаларды жеделдету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Шахид Раджаи порты аумағында Қазақстанның логистикалық және транзиттік терминалын салу жобасы аяқталу сатысында.
Сонымен қатар Иран тарапы Чабахар және Хошк-е Априн порттары арқылы Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Министр Иранның географиялық орналасуы Қазақстан үшін халықаралық нарықтарға шығуда тиімді транзиттік бағыт екенін атап өтті.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын атап өтіп, өзара сауда көлемін ұлғайтуға арналған жол картасы дайындалғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазақстандық жеке сектор Иран порттарында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын.
Тоқаев ТМҰ елдерінің жоғары сот төрағаларын қабылдады — TRT
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғары сот органдарының төрағаларын қабылдады. Кездесу ТМҰ Жоғары соттарының 2-конференциясы аясында өтті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
«TRT»-ның дерегінше, Президент Түркі мемлекеттері ұйымының өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін атап өтіп, сот және құқық қорғау салаларындағы өзара іс-қимылдың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жоғары соттар арасындағы байланысты тереңдету бауырлас халықтардың ортақ мүддесіне қызмет етеді. Сонымен қатар сот жүйесін цифрландыру бағытындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігі айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев конференция барысында сот жүйесін цифрландыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау және өзекті құқықтық мәселелер талқыланатынын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай пікір алмасулар ТМҰ-ның дамуына және халықаралық беделінің артуына ықпал етеді.
Сондай-ақ TRT-да «Балалардың интернет қауіпсіздігі: әлемдік тәжірибе қандай?» деген мазмұндағы шағын сараптамалық мақала жарық көрген болатын. Сол мақалаға қысқаша шолу жасай кетейік.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, әлемнің көптеген елі балалардың әлеуметтік желілерге тәуелділігінің алдын алу мақсатында цифрлық платформаларға қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр. Аустралия, Ұлыбритания, Франция және басқа мемлекеттер жас шектеулерін енгізіп, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық шараларды қолға алды.
Сарапшылар әлеуметтік желілердің алгоритмдері балалардың назарын ұзақ уақыт ұстап тұруға бейімделгенін айтады. Зерттеулер әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланудың мазасыздық, депрессия, ұйқының бұзылуы және зейіннің төмендеуі сияқты психологиялық мәселелерге әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.
Осыған байланысты елдер балалардан деректер жинауды шектеу, мақсатты жарнамаларға тыйым салу және алгоритмдердің ашықтығын арттыру бағытында жұмыс жүргізуде. Түркияда да балаларды цифрлық қауіп-қатерден қорғауға арналған жаңа заңнамалық бастамалар талқыланып, жауапкершілікті ата-аналармен қатар цифрлық платформаларға жүктеу мәселесі көтерілуде.