Балалардың қауіпсіздігін күшейту: елде 10-нан астам заң қабылданған

АСТАНА. KAZINFORM — Салалық бағдарлама буллинг деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл туралы бүгін Құрылтайдағы Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Әйел құқы мен бала қауіпсіздігі: жаңа заң тұрмыстағы жағдайға қалай әсер етті
Коллаж: Kazinform

- Балалардың жазғы демалысын сапалы әрі қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында биылдан бастап балаларға арналған білім беру-сауықтыру ұйымдарын міндетті лицензиялау жүйесі енгізілді. Нәтижесінде 170 ұйымның 134-і лицензия алды. 2026 жылы 3,3 млн бала жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамтылды, - деді Ж.Сүлейменова.

Сонымен қатар ол балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау үшін соңғы жылдары 11-ден астам заң қабылданғанын еске салды. Зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаты бекітіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді, буллинг пен балалар құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізілді. Өңірлік қорғау органдарының өкілеттігі бекітіліп, мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктері белгіленді.

- 20 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары және 160 отбасыларды қолдау орталығы жұмыс істеп жатыр. Баланы кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілді. Нәтижесінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасылық ортада тәрбиеленіп келеді. Қорғаншылық саласындағы мамандар саны 303-тен 1 029-ға дейін өсті. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды жеке сүйемелдеу үшін «педагог-ассистент» лауазымы енгізіліп, бүгінде 7 500 педагог-ассистент жұмыс істеп жатын, - деді министр.

Сонымен бірге «ДосболLike» буллингке қарсы бағдарламасы буллинг деңгейін 2,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

- Мектептердегі психологиялық қызметті жаңғырту басталды. Баланың мазасыздық, күйзеліс, зорлық-зомбылық, буллинг, депрессия және суицидтік ниет белгілерін ерте анықтауға арналған үш деңгейлі бірыңғай диагностика қалыптастырылды. Ол педагог-психологтер қолданатын 7 бастапқы, 6 тереңдетілген және 7 проактивтік әдістемені біріктіреді. Бекітілген әдістемелер бірыңғай цифрлық платформаға біріктірілді. Тағы бір тоқталып өтетін мәселе, қазіргі кезде мектептердің тек 41%-ында педагог-психологтерге арналған жабдықталған жеке кабинеттер бар, - деді ведомство басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің 20 өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылып, онда шамамен 200 маман жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ әрбір 5 мың балаға кемінде бір маман нормативі енгізіліп, өңірлердің институционалдық мүмкіндігі күшейтілді.

Жаңа басқармалар өңірлерде негізгі үйлестіруші орган болуы үшін биылғы шілде айында Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, барлық маман біліктілігін арттырды. Сала мамандарын жүйелі даярлау үшін биыл 292 білім беру гранты бөлінді.

Бұған дейін хабарланғандай, мектептердегі бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу басталды.