Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Балалардың көру қабілеті неге нашарлап барады — офтальмолог түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде көру қабілеті бұзылған балалар саны 25 мыңнан асты. Бұған ең алдымен смартфон мен планшетке ұзақ уақыт жақын қашықтықтан қарау әсер етеді. Офтальмолог Ербол Сарымсақов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында көздің көру қабеілеті жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Балалардың көру қабілеті неге нашарлап барады — офтальмолог түсіндірді
Фото: Pexels

Дәрігердің сөзінше, соңғы жылдары балалардың көзіне түсетін салмақ айтарлықтай артқан.

Балалардың көру қабілеті неге нашарлап барады — офтальмолог түсіндірді
Видеодан алынған скрин

— Бұрын көру қабілеті көбіне кітапты көп оқитын балаларда төмендейтін. Қазір көзге түсетін салмақ шамамен 80 пайызға артты. Негізгі себеп телевизор емес, телефон мен планшет сияқты жақын қашықтықтан қолданылатын гаджеттер. Әсіресе бұл 18-19 жасқа дейінгі балалардың көру қабілетіне қатты әсер етеді, — деді Ербол Сарымсақов.

Оның айтуынша, гаджетті толық алып қоюдан гөрі, оны дұрыс пайдалану режимін қалыптастыру маңызды.

— 2 жасқа дейінгі балаларға телефонды мүлде бермеу керек. 2-7 жас аралығында экран уақыты күніне бір сағаттан аспағаны жөн. 7-14 жаста гаджетті үзіліспен қолдану қажет. Ал 14 жастан кейін жарты сағат қарап, жарты сағат демалатын режимді ұстанса, көзге түсетін салмақ айтарлықтай азаяды, — деді ол.

Маман ата-аналар баласының көру қабілеті төмендегенін ерте кезеңде байқаса, дер кезінде дәрігерге қаралуы керегін айтты.

— Бала теледидарға тым жақын отырса, алыстағы затқа қарағанда көзін сығырайтса, көзін жиі уқалап немесе жыпылықтататын болса, бұл көру қабілетінің нашарлағанының белгісі болуы мүмкін. Кейбір балалар ата-анасы ұрсады деп қорқып, көзі дұрыс көрмейтінін айтпай жүреді. Бұл оқу үлгеріміне де әсер етеді, — деді офтальмолог.

Балалардың көру қабілеті неге нашарлап барады — офтальмолог түсіндірді
Видеодан алынған скрин

Ербол Сарымсақовтың айтуынша, көз саулығын сақтауда күнделікті серуендеудің де маңызы зор.

— Күніне екі сағаттан артық таза ауада серуендейтін балаларда көру қабілетінің төмендеуі 50-60 пайызға сирек кездеседі. Себебі бұл кезде бала гаджеттен алыстап, көзі алысқа қарап, көз бұлшықеттері демалады, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, мектептерінде оқитын оқушылар арасында миопия көрсеткіші 30%-ға жеткенін жазған едік.