Балалардың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатыр - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Данабек Исабек Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған депутаттық сауалында балаларға арналған цифрлық контенттің сапасы мәселесін көтерді.
- Бүгінде Қазақстан үшін ең маңызды мәселенің бірі – қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы. Бұл енді жай ғана мәдени мәселе емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік, идеология және келешек ұрпақтың дүниетанымы мәселесі. Бүгінде балаларымыздың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек. Әсіресе, жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артады. Олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға, бақылаусыз контентке тәуелді болып, түрлі алгоритмдік ақпараттық ықпалдың ортасына түседі. Бұл – өте маңызды әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Себебі дәл осы кезеңде балалардың ойлау жүйесі, мінез-құлқы, тілдік ортасы және құндылықтық бағдары қалыптасады, - деді Д. Исабек.
Оның пайымынша, қазір қазақ тіліндегі балалар контенті, танымдық платформалар, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы агрессивті ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр.
- Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған мемлекеттер цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияның негізгі алаңы ретінде қарастырады. Мысалы, Оңтүстік Корея мәдени контент арқылы жаһандық ықпал қалыптастырса, Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғайды, ал Түркия тарихи сериалдар арқылы мәдени ықпалын күшейтіп отыр, - деді депутат.
Осы орайда ол қазіргі жағдайда балаларға арналған қазақша мультфильмдер аз, ғылыми-ағартушылық YouTube жобалары жеткіліксіз екенін айтып, балалар психологиясына зиян контентке бақылауды күшейтуді сұрады.
- Балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамыту бойынша ұлттық деңгейдегі нақты мемлекеттік стратегия қабылдау маңызды. Жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы профилактикалық және ағартушылық шараларды күшейту керек. TikTok, YouTube, Instagram және өзге де цифрлық платформалардағы балалар психологиясына кері әсер ететін контентті шектеу бойынша құқықтық және техникалық тетіктерді жетілдіру қажет. сонымен қатар, қазақ тіліндегі анимация, балалар киносы, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік медиажобаларды мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру көлемін арттыруды ұсынамын, - деді Данабек Исабек.
Бұған дейін хабарланғандай, балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салатын нормалар Құрылтайда қаралады.