Балаларды болашаққа баулыған - «Балдаурен» (ФОТО)

БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - Бурабайдағы «Балдаурен» республикалық оқыту сауықтыру орталығында демалушы жасөспірімдер өз арасында президент сайлауын өткізіп, бойындағы көшбасшылық қасиеттерін ұштады.

Балаларды болашаққа баулыған - «Балдаурен» (ФОТО)

Қашанда қарыздармын, елім, саған

Анамсың алыс жүрсем, көп аңсаған

Жүректің арнап ыстық махаббатын,

Туған ел, берерім көп менің саған...

Дәл осы өлең жолдары балалардың ұранына айналды. «Балдәурен» РОСО-да жаңа жоба «Қазақстандық жас патриоттар академиясы» аясында кеше алғаш рет «Егер де мен президент болсам...» атты патриоттық бағытта «Балдәурен» президентін сайлау кеші өтті.

Кеш жоспарына сәйкес, президентікке үміткер балалар өздерінің орталығында атқаратын немесе болашақта іске асыратын негізгі бағдарламарын,ой-тұжырымдарын ортаға салды. Демалушы балалар бұл іс-шараға қатысушы үміткерлердің пікірін тыңдап, қайсы үміткер Балдәурен президентіне лайық екенін таңдауға, дауыс беруге іштей дайындалып отырды.

«Президенттің жұмысы - ол біздің жұмысымыз. Ал біріктіру, қызықтыру, алға ұмтылу ол президентімізге байланысты» - деп, өз ойын айтты Қызылордадан келген үміткер Қ.Нұрсұлтан. Жалпы үміткерлердің әрқайсысы өте ұтымды ойлар, ұсыныстар айтты. Олардың қатарында: Серікбаева Аружан БҚО, Жұмабекова Айдана ШҚО, Қонысбеков Нұрсұлтан, Қызылорда облысы, Нагиметов Альтаир, Астана қаласы, Әкім Айнұр, Маңғыстау облысы, Нагибин Никита, БҚО, Рахматуллаева Таңнұр, Астана қаласы, Телебаев Дидар, Алматы қаласы, Шыңғысбай Балнұр, Алматы қаласы, Жұманиязов Севиндик, Ақмола облысы, Саттар Назым, Астана қаласы, Биримжаров Елдар, Жамбыл облысынан барлық 12 президенттікке үміткер қатысты.

Әр үміткер сахна төрінде өздерінің белсенділіктерін көрсету арқылы, әр баланың жүрегінен орын таба білді. Үміткерлерге сайлау ұйымдастырылды, әр демалушы бала президентке дауыс берді. Орталығымыздың үлкен жетістігі болып, балаларымыздың өз таңдауымен Серікбаева Аружан БҚО-дан келген қызымыз алға суырылып оза шықты.

Кеш қорытындысында «Қазақстандық жас патриоттар академиясы» жобасы бойынша академия төрайымы Т.Битуова сөз сөйледі.

«Балалар бүгінгі «Егер де мен президент болсам...» іс-шарасына қатысып, өздеріндегі патриоттық сезім, көшбасшылық қабілетті оята білді. Өскелең ұрпаққа маңызы зор тәрбиелі дүние алды деп сенеміз» - деді Т.Битуова.

4 3 2