«Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды - Сенат
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Мәжілістің бірқатар депутаттар тобы бастамашы болған заң жобасы негізінен халықаралық құқықтың аясындағы балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Біз қарай келген тұста, әлемдік қауымдастықтың бұл мәселеге бізден бұрын ертерек кіріскендігіне назар аудардық. Көптеген мемлекеттерде БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына сәйкестендірілген ұлттық заңдар бар, біз соларды, атап айтқанда Еуропа одағының «Компьютерлік қылмыстар туралы», «Электрондық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылықты көрсетпеу туралы» декларацияларын, ТМД елдерінің аясындағы «Балаларды ақпараттан қорғау туралы» үлгі заңнамаларын терең зерделедік», - дейді депутат Алдан Смайыл.
Сонымен бірге, АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Италия, Жапония секілді басқа да дамыған елдердің осы тектес заңдары сараланған. Олардағы балаларды адамгершілік сезімінен суытатын, психикасы мен денсаулығына зардабын тигізетін, қатыгездікті насихаттайтын, бір сөзбен айтқанда жеткіншектерді рухани аздыратын ақпараттан қорғауға арналған құқықтық шаралар ескерілген. Депутаттың айтуынша, әлемдік тәжірибе қазақстандық ақпараттық құқықтық ахуалға сәйкестендірілген және еліміздегі заң айналымында жоқ кейбір құқықтық ұғымдар енгізілген.
«Ең алдымен белгілі бір жас топтары арасында қандай ақпараттарды таратуға тыйым салынатындығы және шек қойылатындығы айқындалды. Ол үшін балаларға арналған өнімнің жас сыныптамасы және жас санаты ұғымдары енді. Мәселен, ақпараттық өнім жас санаттары бойынша «6 жасқа дейін», «6 жастан асқан», «12 жастағы», «14 жастағы», «16 жастағы» делініп, балалардың жетілуі және дүниетанымына қарай жіктеліп отыр. Жалпы алғанда заң жобасы бойынша қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сондай-ақ суицидке итермелейтін, порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық сипаттағы көріністерді қамтитын, дәстүрлі емес сексуалды бағдарды насихаттайтын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылып отыр», - деді Алдан Смайыл.
Оның айтуынша, телеарналар ақпараттарды балалар жасына сәйкес келетін белгімен таңбалап қана эфирге тарататын болады. Керісінше, жағдайда оларға заңмен шара қолданылады.