Балаларды қорғау мәселесінде Қазақстан мен ЮНИСЕФ ұйымының мүддесі ортақ
АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов ЮНИСЕФ-тің Орталық және Шығыс Еуропа мен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері бойынша өңірлік директоры Стивен Аллен мырзамен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мейман Қазақстанға бірінші рет келіп отырғанын мәлім етті. ЮНИСЕФ ұйымының Әлем елдері парламенттерімен тығыс байланыс жасайтынын, балалардың құқығын қорғау мәселесі парламентшілердің жүрегінен орын алатыны жайлы айта келіп, осы бағытта атқарып жатқан істері жайлы баяндап берді. «Қазақстанның балалар мәселесін қорғауға қатысты қабылдаған заңдарын, Денсаулық кодексін естіп отырмыз. Сіздер бұл бағытта жүйелі жұмыс істеп келесіздер»,- деді Стивен Аллен мырза.
Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қазақстан балалардың құқығын қорғауға арналған заңдар қабылдап, нақты істер атқарып отырғанын айтты. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істейтінін, оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова жетекшілік ететінін жеткізді. ҚР Білім және ғылым министрлігінде балалар құқығын қорғау комитеті бар екенін, елімізде балалар ауылы және балалар мен сәбилер үйі ата-анасының қамқорлығынан айырылып қалған балдырғандарға қамқорлық көрсетіп отырғанын мәлім етті. Бұл бағытта ЮНИСЕФ ұйымының атсалысып отырғанына ризашылығын білдірді. «Біздің елге келген Сіздің осы сапарыңыз балалар мәселесін тереңірек қарастыра түсуге серпіліс береді деп ойлаймын»,- деді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Осы кездесуге Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева қатысты.