Балаларды өрттен құтқарған старшина Аманжол Стамбековке жеке құрам алдында алғыс білдірілді
АЛМАТЫ. 26 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Әлихан Жарболов жеке құрам алдында старшина Аманжол Стамбеков пен оның зайыбы Балайымға балаларды өрттен құтқарып қалған ерлігі үшін алғыс айтты.
Тілсіз жау айтып келмейді. Көктем мерекесі Тараздағы бір отбасы үшін қайғылы оқиғамен аяқтала жаздады. Тек әскери қызметшінің қырағылығы мен оқиға орнына жиналған азаматтардың жәрдемінің арқасында отқа оранған пәтерден үш баланы құтқарып алуға мүмкіндік туды.
23 наурыз күні сағат 15.00-дер шамасында 85395 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша қызметтегі старшинасы Аманжол Стамбеков отбасымен бірге үйіне қайтып келе жатып тұрғын үй кіреберісінің түтіндеп жатқанын байқайды. Оқиғаның себебін анықтамақ болған ол шатырды тексеріп, көршілерді аралап шығады. Тек 5-қабаттағы 70-ші пәтерден еш жауап болмайды. Түтін де сол жерден шығып жатқан екен.
Аманжол көп ойланбастан полиция қызметкерлерін шақырады да, өзі оларды күтпестен есікті бұзып кіреді. Жанталаса жүріп, қонақ бөлмеден еденде есінен танып жатқан үш баланы байқайды. Олар 2 мен 5 жас аралығындағы бір ұл, екі қыз бала болатын. Дер кезінде қимылдаған старшина отқа оранған үйден балаларды алып шығады. Оған зайыбы Балайым мен қонақта жүрген бауыры де көмек көрсетеді. Сонымен қатар, Аманжол облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері келгенше пәтердегі өрттің бетін қайтарып үлгерген.
Анықталғандай, өрттің шығуына балалардың сіріңкемен ойнауы себеп болған көрінеді. Күндіз олардың ата-аналары жұмыста болған. Қазіргі уақытта зардап шеккендер қалалық балалар ауруханасында ем алуда. Балалардың өміріне еш қауіп жоқ. Жуырда олардың құтқарушылары Аманжол ауруханада болып, балалардың қал-жағдайын біліп қайтқан.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің старшинасы Аманжол Стамбековтің дер кезіндегі сауатты қимылы болмаса бүгінде тілсіз жаудың салдарын айтып жеткізу қиын болар еді.
Тараз гарнизоны әскери қызметшілерінің шешімімен өрттен зардап шеккен отбасына материалдық көмек көрсетілетін болды.
Старшина Аманжол Алтынханұлы Стамбеков бұған дейін де ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсете білген азамат. Ол 1999 жылы тәжік-ауған шекарасында қазақстандық бітімгерлік батальонында қызмет атқарған. Жауынгерлік ерлігі үшін бірнеше медальдермен наградталған. Отбасында үлгілі әке. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіруде.