Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға қатысты заң жобасы біздің қоғам үшін өте қажетті заң болмақ

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Заң жобасының өзіндік ерекшелігі мол және біздің қоғам үшін өте қажетті заң болмақ. Интернет ресурстары бойынша мәселелер туындайды. Ғаламторда таратылған материалдарға шектеу қою, зиянды ақпараттардан балаларды қорғау өте күрделі»,- «Балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасына бастамашылық жасаған депутаттардың бірі Гүлмира Исімбаева осылай деді.

Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға қатысты заң жобасы біздің қоғам үшін өте қажетті заң болмақ

Балалардың компьютер арқылы виртуалды кісі өлімін, азаптау, қорлау, жәбірлеу әрекеттерін көруі халықты да алаңдатып отырған мәселенің бірі екені анық. Сонымен қатар балаларға арналған баспа өнімінде, дыбыс, кино және бейнеөнімдерде баланың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпарат болмауы тиіс. Білім беру мекемелерінде балаларды оқытуға арналған ақпараттық өнімнің мазмұны осы Заңның талаптарына сәйкес келуі шарт. Шәкірттерге арналған дәптерлерді, күнделіктерді, кітап тыстарын, кітап белгілерін, мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде пайдаланылатын өзге де полиграфиялық өнімдерді безендіру жас сыныптамасы категорияларына лайық болуы тиіс.

Бүгін өткен жұмыс тобы отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген депутат Гүлмира Исімбаева: «Балалардың денсаулығына мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға қатысты мұндай заң жобасы елімізде бірінші рет әзірленіп отыр. Әрине, бірінші рет болып отырғандықтан оны өміршең етіп шығару жолында қиындықтар туындайтыны анық. Балалардың денсаулығына мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауға қатысты проблемамен қай уәкілетті орган айналысатыны қиын мәселенің бірі болып отыр. Өйткені ақпаратты тарату құқығы әр түрлі салалардың иелігінде. Оны заң бойынша реттеу мәселесімен бірқатар министрліктер мен ведомстволар айналысады»,- деді.