Балалардың құқығын қорғау сенім телефонына 339 766 қоңырау түскен
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2015 жылы балалардың құқығын қорғау сенім телефонына 339 766 қоңырау түскен. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында Қазақстанның Дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зүлфия Байсақова айтты.
«Балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефон желісіне» 2015 жылы барлығы 339 766 қоңырау шалынған, олардың ішіндегі 8 781 қоңырау (балалардан 3 043, ересектерден 5738 қоңырау келіп түскен) балалар құқығының бұзылуына қатысты болған. Осы тұста шалынған қоңыраулардың саны жылдан жылға ұлғайып келеді, мәселен, 2013 жылы 6755 қоңырау шалынған болса, 2014 жылы 6862, 2015 жылы 8781 қоңырау келіп түскен. Бұл балалар мен жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында балалар мен жастардың көмекке жүгінуін жеңілдететін тетіктерді құру қажет екендігін байқатады», - деді ол.
Елбасының 2016 жылдың 10 ақпанындағы «Қазақстан Республикасында Балалар құқығы жөніндегі уәкіл институтын құру туралы» №192 жарлығына сәйкес аталмыш институт өз қызметін қоғамдық бастама негізінде жүргізеді деп көрсетілген. Қазақстандық ҮЕҰ-ның «Балалар құқығын қорғау жөніндегі» жұмыс тобы 2002 жылдан бастап осы институтты құру идеясын жүйелі түрде дамытып келеді.