Балалардың мүддесін қорғау мәселесі кеңінен талқыланды

Оған Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Н.Р. Раззақ, судья И.И. Керн, Астана қаласы Сарыарқа аудандық прокуратурасы өкілдері, Астана қаласының сот актілерін орындау департаменті өкілі, Астана қаласының қылмыстық атқару инспекциясының және Астана қаласы ІІБ-ның қызметкерлері, Астана қаласы Әділет департаментінің АХАТ және апостильдеу бөлімінің маманы, Астана қаласының мамандандырылған балалар үйі және балалар үйі өкілдері, Астана қаласының кәмелетке толмағандар бойынша заң кеңесінің қорғаушылары қатысты. Сот төрағасы Н.Р. Раззақ дөңгелек үстелді ашып, әріптестері мен қонақтарды мемлекеттік мереке болып саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады. Мемлекеттік органдардың өкілдері қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот актілерін орындау тәртібін талқылады. Атап айтқанда, ҚАИК органдары тарапынан сот актілерінің орындалуын қабылдау туралы хабарламалардың уақытында жолданбайтындығы, заттай дәлелдемелердің дер кезінде орындалмайтындығы атап өтілді. Асырап алынатын баланың алғашқы есепте тіркелгендігін растайтын құжатты және баланы асырап алудың дәлелділігі туралы қорытындыны беру мәселелері туралы қамқоршылық және қорғаншылық органының өкілі Д.Т. Қожахметова айтып берді. Дөңгелек үстелді өткізу барысында АХАЖ органдары тарапынан сот актілерін орындау үшін қабылданғандығы туралы тиісті хабарламалар жөніндегі мәселелер қаралды. Жиынға қатысушылар мемлекеттік органдардан асырап алынған балаларға қатысты мәліметтер талап етілгенде баланы асырап алу құпиясын сақтау қажеттігі туралы пікірлерін білдірді, сонымен қатар БААТЖ, ЭҚАБЖ базалары арқылы баланы асырап алуға қатысты сот шешімдерін орындау үшін АХАЖ органына, прокуратура, қамқоршылық және қорғаншылық органына жолданғанда баланы асырап алу құпиясын сақтау қажеттігі жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Дөңгелек үстелді өткізудің және талқыланған мәселелердің қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғауға бағытталған ұсыныстар қабылданды.