Балалардың ойын жетілдіріп, қиялын өрістететін кітаптар мен басылымдар, мультфильмдер мен телебағдарламалар қажет ? Қ.Айтаханов

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бізге қазір «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген ұран қажет» деді бүгін Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов. Бұл пікірін ол бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында мәлім етті,

Балалардың  ойын жетілдіріп, қиялын өрістететін кітаптар мен басылымдар, мультфильмдер мен телебағдарламалар қажет ?  Қ.Айтаханов
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыс барысында кәмелетке толмағандарға қатысты мәселелерді реттеу жөніндегі заң жобасы жөнінде сөз қозғаған депутат өзінің заң жобасын толығымен қолдайтындығын айта келе: «құжат кәмелетке толмағандардың түнгі жүрістерін бақылауға бағытталған сияқты. Ал шын мәнінде бұл құжаттың ауқымы кең. Өйткені елімізде күндіз де қадағалаусыз қалып жатқан балалар аз емес. Қазір тіпті балалар үйде отырып-ақ теледидар арқылы атыс-шабыс пен зорлық-зомбылықтың, қатігездіктің небір түрлерін көріп өсіп келеді. Ал біздің халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген емес пе. Ендеше жас ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу қажет және бұл үдеріс нәресте дүниеге келген күннен басталуы тиіс. Оларға тек отаныңды сүй, адам бол, патриот бол деген сыңайдағы сөздермен ғана тәрбиелеуге болмайды. Мұндай жағдай кейді тіпті жастарды жалықтырып та жібереді. Ал бұл мәселені шешу үшін олардың ойын жетілдіріп, қиялын өрістететін кітаптар мен газет-жұрналдар, мультфильмдер мен телебағдарламалар қажет. Ал бізде осылар жетіспейді. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деді. Бұл нақыл сөз бүгінде өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал бізге осыған қоса тағы «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген ұранды ұстану қажет сияқты. Өйткені экран осы заманның бесік жыры», - деді депутат. Оның айтуынша, қазір еліміздің телеарналарында балаларға арналған бағдарламалар жоқ. Балалар мен жасөспірімдерге арналған телеарна жоқ. «Бұл мәселе жөнінде Елбасы кезінде айтты да. Енді оны орындауға көңіл бөлу қажет», - деді Қ.Айтаханов.