Балалардың жаппай гепатит ауруына шалдығуына кінәлілер заңға сай жазаланады - Бас прокуратура
Сонымен қатар Бас прокуратура Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексерулердің материалдарын алдыртып, оларды сараптауда. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков журналистермен болған апталық брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, егер тексерулер барысында заң бұзушылықтар, немесе қандай да бір қылмыстың белгілері анықталатын болса, прокуратура заңмен көзделген ықпал ету шараларының барлығын қолданады. Яғни осы жағдайдың орын алуына кінәлі азаматтар жауапқа тартылады. «Осы орайда айта кететін жағдай, біз осындай індеттерге шалдығу жағдайларын ерекше бақылауда ұстаймыз. Баршаға мәлім, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қырым қанды безгегі тарап, ең алғаш болып бұл мәселені прокуратура органдары бақылауға алып, қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ аталмыш жағдай ақпарат құралдарында да жарияланды. Бұдан соң қылмыстық іс сотқа жолданды. Нәтижесінде 6 медицина қызметкері қылмыстық жауапқа тартылуда. Олар қызмет бабын талапқа сай атқармағандары және ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізгендері үшін, сондай-ақ өз қызметіне селқос қарағаны үшін айыпталып отыр. Қылмыстық істі Түркістан қалалық соты қарауда», деді ресми өкіл.