Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша республикалық семинар-кеңес өтті

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада он-лайн режімінде 2012 жылы жазғы сауықтыру маусымын ұйымдастыру бойынша республикалық семинар-кеңес өткізілді.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша республикалық семинар-кеңес өтті

Кеңес аясында Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдері білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшыларымен бірлесіп, балалардың өмірі мен денсаулық қауіпсіздігін, жазғы демалыс нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бос уақытты ұйымдастыру және басқа да мәселелерді талқылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Басқосу қорытындысына орай, шараға қатысушылар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 178 қаулысымен бекітілген «Санаторлық және сауықтыру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» ережелерінің талаптарын сақтау, тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды сақтау мәселелері бойынша ұсынымдар әзірледі. Сонымен қатар, жаппай тамақтанудан улану мен жіті ішек инфекцияларының алдын алу бойынша, сондай-ақ нысандарда дезинфекциялық іс-шараларды уақытылы және сапалы жүргізу мәселелерін қамтитын ұсыныстар да қаралды.