Балаларға арналған әдеби шығармалардың нәтижесі жарияланды

ЛМАТЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда биыл осымен 4-рет «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Дарабоз» халықаралық байқауының қорытынды нәтижесі жарияланып, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балаларға арналған әдеби шығармалардың нәтижесі жарияланды

Бәйге 2009 жылы қыркүйек айында басталып, сәуірдің 20-сында аяқталды. Байқау шарты бойынша оған 1-8 сынып оқушыларына арналған прозалық, поэзиялық және драмалық шығармалар қабылданған. Балаларды қорғау күні қарсаңына орайластырылып ұйымдастырылған байқаудың бас бәйгесіне 350 мың теңге, 2 бірінші орынға (170 мыңнан), 2 екінші орынға (80 мыңнан), 3 үшінші орынға (50 мыңнан) және ынталандыру сыйлықтары (36 мыңнан) тағайындалған болатын.

Қазылар алқасының айтуынша, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрiктi таңдап алу оңай болмапты. Дегенмен, байқау болғандықтан, нағыз балалар көзайымы боларлық таңдаулы шығармалар iрiктелген. Сонымен, қорытынды нәтижесi бойынша бәйгенің Бас жүлдесін - ақын, Қастек Баянбайдың "Егіздер" өлеңдер жинағы еншіледі. Бiрiншi 2 бәйгенiң бiреуiн ақын, Әбубәкір Қайранның "Мезгіл мезет мектебі" шығармасы, ал екіншісін "Бибіжар мен бойтұмар" атты Баян Болатханованың повесі иемденсе, екiншi екi бәйгеге "Жетісу" газетінің редакторы Жақыпжан Нұрғожаевтің "Алтын шеке" деген шығармасы мен "Екінші үйім қазынам" атты Ақтөбе қаласының тұрғыны Ертай Ашықбаевтің өлеңдер топтамасы лайық деп танылды. Үшiншi үш бәйге - «Саяткер» лақап атының авторы Тұрдақын Жексенбайға, Ділдар Мамырбаеваның «Махабаттың ақ жауыны» повесіне және «Ақ ұлпа сезім, ақшақар» повесiнiң авторы, «Ақ желкен» журналының редакторы Нұрғали Оразға берiлсе, ынталандыру сыйлықтарының құрмет-iлтипатына «Үш таған» атты шығарманың авторы Гүлжан Әбирова, «Тұңғыш темір жол вокзалы» повесінің иесi Әлібек Байболов, «Ырыс алды ынтымақ, халқымның қадір қасиеті» пьесасы үшiн Қанат Қайым және «Бөрілі сайдың бөлтіріктері» атты пьесасы үшiн Әлібек Файзұллаұлы бөлендi.

Жеңімпаздардың барлығы ақшалай сыйлықтармен қатар, арнайы дипломдармен марапатталды.

Байқаудың өтуіне ұйтқы болған жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері, «Балапан әлемі» журналының редакторы Шәкен Күмісбайұлының айтуынша, байқауға 125 хат, 446 шығарма келіп түскен.

Балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиеті кеңесінің жетекшісі Сұлтан Қалиұлының айтуынша, Алматыда балалар әдебиетін қолдауға байланысты қала әкімдігінің, тіл басқармасының, мәдениет министрлігінің байқаулары жылма-жыл бәйге жариялап келеді. "Бірақ бәрібір беделі жағынан «Дарабоз» бәйгесіне жете алмай жүр. Оның бәйгеге бөлген қаржысы мол. Және дәстүрлі бәйгеге айналып отыр. Бұл байқау балалар жазушыларына қолдау көрсететін шараға, сонымен қатар балалар тәрбиесіне үлкен үлес қосатын, рухани байлық беретін игі шараға айналды. Міне, соңғы жылда бәйге жеңімпаздарының шығармаларынан «Кәусар бұлақтың» 3-кітабы шығарылып, оқушыларға тегін таратылып келеді. Осы «Дарабоздың» арқасында балаларға арналған қаншама жаңа дүние туды, қаншама қаламгер сыйлықтарға ие болды", деп атап өтті Сұлтан Қалиұлы.

Байқаудың демеушісі, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпарациясының басшысы Бауыржан Оспановтың айтуынша, бүгінгі жеңімпаздардың шығармалары және бұған дейін «Кәусар бұлақ" деген атпен шыққан кітаптарды болашақта орыс тіліне және ағылшын тіліне аудару жоспарланып отыр. "Сонымен қатар, байқауға келіп түскен шығармаларға кино түсіруді, қойылымдар қоюды жоспарлап отырмыз және алдағы уақытта байқаудың арнайы сайтын ашуды ойластырудамыз. Сайтқа хат жазушылардың байқау туралы пікірі жақсы болса, байқау бюджетін 10 миллионға дейін өсіруге уәде беремін", деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл да жүлде алған үздік шығармалар «Кәусар бұлақ» деген атпен кітап болып шығып, республикадағы барлық білім беру мекемелеріне тегін таратылатын болады.