Балаларға арналған ақпараттарды жас санаттарына сәйкес таңбалау міндеттеледі - А.Смайыл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Тоқтала кететін жайт, заң жобасына палатаның бірқатар депутаттары бастамашы болды және құжат мемлекеттік тілде жазылған.
None
None

Құжат халықаралық құқықтың балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Оның ішінде Қазақстан қабылдаған БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясында бекітілген, жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес бала құқықтарын қорғауды басымдықпен қамтамасыз ету қажеттілігі негізге алына отырып әзірленген. Ал бастамашылар заңды қабылдаудың өзектілігін балалардың әлсіз топқа айналуымен түсіндіреді. Олар жаңа ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуымен (Интернет, ұялы және басқа да байланыс түрлері, цифрлық хабар тарату) ақпараттың теріс ықпал етуіне ұшырап отыр. Жарнама өнімінің айналымы, электрондық және компьютерлік ойындар, кино, бейне, өзге де аудиовизуалдық хабарламалар мен материалдар айналымы кезінде БАҚ, ортақ пайдаланылатын ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып таратылатын ақпарат, көбінесе балаларға психикалық кері әсер етіп, агрессияға, қатыгездікке, қоғамға қарсы әрекеттерге итермелейді. Сондықтан жағдайдың осылайша қалыптасуына ақпараттық өнімнің айналымы кезінде балалардың имандылығы мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етудің құқықтық кепілдіктерін заңнамалық реттеу тұрғысынан едәуір олқылықтар әсерін тигізіп отыр.

Осыларды шешу мақсатында заң жобасында балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, әр түрлі жас топтарындағы балаларға арналған ақпараттық өнімнің мазмұнына қойылатын арнайы талаптарды бекіту көзделеді. Мәселен, ақпараттық өнімнің жас санаттары белгіленеді, солардың негізінде «-6», «+6», «+12» «+16» және «+18» секілді жас санаты белгісі берілетін болады. Бұл ретте, әрбір жас санаты бойынша осы жас санаттарына тән критерийлер айқындалып отыр. Бұдан бөлек, балаларға арналған ақпарат өнімінің айналымына қойылатын арнайы талаптар да заң жүзінде енгізілді.

«Тұтастай алғанда, заң жобасында балалардың денсаулығы мен дамуына зиянын тигізетін ақпараттың түрлері анықталып, балалардың жас санаттары белгіленді, олардың ақпаратты қабылдау ерекшеліктері ескерілді. Балаларға арналған ақпараттарды жас санаттарына сәйкес, таңбалау міндеттеліп отыр», - деді депутат Алдан Смайыл.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Соңғы жаңалықтар