Балаларға арналған аулалық спорт клубтарының жағдайы сын көтермейді ? Үкімет сағаты
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жастар арасындағы нашақорлық әдетімен салауатты өмір салтының, спорттың көмегімен күрескен әлдеқайда тиімді.
Бүгін Үкімет сағатында еліміздегі спортты дамыту мәселелеріне байланысты депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәжілісте елдегі аулалық спорт алаңдарының аздығына алаңдаушылығын білдіріп, министрден осы бағыттығы атқарылып жатқан мәселелер жөнінде баяндап беруді сұраған депутаттарға министр: «Баршаңызға мәлім, өтпелі кезеңде біз көптеген спорт нысандарымызды сақтап қала алмадық. Бүгін біз бұл бағытта жүйелі шаралар атқарудамыз. Бүгін біздің арнайы бағдарламамызда республика бойынша 200 спорт орталықтарын құру жөнінде арнайы жоспар бар. Өкінішке орай, біздің бұл бағдарламамыз бюджетте көрініс таппады. 200 орталық дегеніңіз - әрі-берісі 6 миллион теңгенің айналасы. Есесіне, қаншама жас көшеде сандалып, бос жүрмей өзіне де қоғамға да пайдалы іспен айналысатын еді. Ал бүгінгі таңда балалар арасындағы нашақорлыққа байланысты жағдайдың мәз еместігін еске алсақ, бұл мәселенің маңызы одан әрі арта түспек. Сондықтан мен депутаттар алдағы жылдардың бюджетін қарау кезінде осы аулалық клубтар проблемасын назарда ұстайды деген ойдамын», деді министр.