Балаларға арналған демалыс орталықтарының жағдайы қаралды
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Алматы қаласы Түркісіб ауданындағы балалардың бос уақытына арналған демалыс орталықтарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру қажет. Бұл жайында бүгінгі өткен дөңгелек үстелде айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараның негізгі мақсаты - қаладағы демалыс орталықтарындағы жастарға патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік тілді, мектепке дейінгі тәрбиені және білім беруді дамыту, жастар арасында салауатты өмір мәдениетін насихаттау жөніндегі мүмкіндіктерін қарастыру.
Аталмыш ауданда тоғыз орталық жұмыс істеп, 1000-нан аса бала ақысыз бөлімде шұғылдануда. Орталық басшыларының айтуынша, ондағы жұмыс «Жастар мен жасөспірімдер» қалалық бағдарламасы аясында жүргізілуде. Егер материалдық базасы жақсаратын болса, олар оданда көп балаға қызмет көрсетіп, патриоттық тәрбие беріп, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға мүмкіндік туатындығын айтуда.
Жиынға Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарманың, Түрксіб ауданы әкімдігінің, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының, Түрксіб аудандық «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері және Алматы қаласы демалыс орталықтарының жетекшілері мен балалары қатысты.