Балаларға арналған сенім телефонына кімдер хабарласады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова «Балалар мен жастарға арналған ұлттық бірыңғай сенім телефоны» іске қосылғалы бері қанша және қандай қоңыраулар келіп жатқаны турасында айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Одақ басшысының айтуынша, «150» нөміріне балалар мен жастардан бөлек, ересектер де қоңырау шалатын көрінеді.
«Бір қызығы, бізге хабарласатындардың 60 пайызы балалар емес, ересектер болып отыр. Олардың қатарына аталар мен әжелерді, көршілерді, балалармен тікелей жұмыс жүргізетін мамандарды қосуға болады», - дейді Зүлшфия Байсақова.
Көп жағдайда сенім телефонынің нөмірін нәзік жандылар теретін көрінеді.
«Бізге көп жағдайда қыздарының күнделікті өмірі мен қажеттілігі турасында әйелдер кеңес сұрау үшін хабарласады. Нәзік жандылардың ерлерден гөрі уайымшыл келетіні белгілі. Бүкіл қоңыраулардың 30 проценті түнгі уақытта түседі», - дейді одақ төрайымы.
Оның айтуынша, ұлттық бірыңғай желінің басты қағидаты - кез келген хабарласушының мәліметін құпия түрде сақтау болып табылады.
«Біз үшін әр баланың өз атын атамай, ақыл-кеңес сұрау аса маңызды. Құпиялылықты басты ережемізге айналдырғанымыздың себебі де сонда», - дейді ол.
Айта кетейік, Жастар мен балаларға арналған ұлттық бірыңғай желі (150) 2005 жылғы 20 қарашада іске қосылған. Сенім телефоны тәулік бойы жұмыс атқарады. 12 жылдың ішінде оған 1,5 млн қоңырау келіп түскен. Оның 43 мыңы балалар мен жастардың құқығының бұзылуына қатысты тіркеліп отыр.