Балаларға арналған жаңа музыкалық аспап ойлап табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Колумбияда лудофон (ludofono) атты жаңа музыкалық аспап ойлап табылды, ол балаларды музыкаға баулуға арналған, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Лудофонда үрлемелі, ішекті және ұрымалы аспаптарының белгілері топтастырылған. Оны ойлап тапқан автордың пікірінше, аспапта түрлі әуендерді ойнау арқылы жеткіншектер өздеріне ең ұнайтын аспап түрін таңдай алады. Мұнда әр нота белгілі бір түспен бейнеленген, жаңа әуенді үйреткен кезде оқытушы сол түстерге сәйкес келетін жапсырмаларды тақтада ретімен тізіп қояды. Сол арқылы балалар оны ойнауды үйренеді. Лудофон жобасын 2012 жылы Колумбия университетінің өнеркәсіптік дизайн факультетінің студенті Давид Эрнандес Саласар ойлап тапқан. Бұл музыкалық аспап биылғы жылғы шілде айында «Дизайн» аталымы бойынша «Америка инновациялары» жүлдесін иеленді.