Балаларға қатысты қылмыстық құқық бұзу әрекеттері артып барады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің 3 өңірінде балаларға қатысты тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны артып отыр. Мұндай дерек «Ашық» НҚА порталында жарияланған 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспарында келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балаларға қатысты қылмыстық құқық бұзу әрекеттері артып барады
Фото: Shutterstock

«Балаларға қатысты зорлық-зомбылық, агрессия және қатыгездік бүгінде бала өмірінің көптеген саласында кеңінен көрініс тапқан. Зорлық-зомбылықтың салдары заңсыз әрекеттерді жасауға және соңғы жылдары пайызы өсіп келе жатқан қылмыстарға әкеледі. Жасөспірімдер ортасындағы криминогендік жағдай күрделене түсті (2021 жылы – 1 529, 2022 жылы. – 1 735), кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар санының айтарлықтай өсуіне (12 пайыз) жол берілді», - делінген жоба мәтінде.

Құжатта сандық төмендеуіне қарамастан, балаларға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар санының көрсеткіші де тұрақты жоғары болып қалып отырғаны айтылады.

«Өңірлердің бөлінісінде балаларға қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматы қаласында 58,9 (90-дан 143-ке дейін), Батыс Қазақстан облысында 39,4 (109-дан 152-ге дейін), Павлодар облысында 32,8 (61-ден 81-ге дейін), Маңғыстау облысында 21,7 (69-дан 84-ке дейін), Ақтөбе облысында 14,3 (84-тен 96-ға дейін), Алматы облысында 1,1 пайызға (183-тен 185-ке дейін) өсті. Балаларға қатысты тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың ең көп саны Түркістан (213), Алматы (185) және Қарағанды облыстарында (165) байқалады», - делінген құжатта.