Балаларға «Келешек» капиталы қалай төленеді – заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.  

Балаларға «Келешек» капиталы қалай төленеді – заң жобасы
Фото: freepik.com

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында заң жобасына «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін регламенттейтін Ғылым және жоғары білім министрлігінің түзетулері енгізілді.

Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Вера Ким «Келешек» капиталына қатысты бірнеше мәселені көтерді. 

«Заң жобасында бюджет қаражаты есебінен бастапқы білім беру капиталын есептеу бала 5 жасқа толған кезде жүзеге асырылады деп көзделген. Бұрын айтылғандай, бастапқы білім беру капиталының мөлшері 60 АЕК болады. Ал 6, 7 және одан да жоғары жастағы балаларға бастапқы капитал есептеле ме? Сол сияқты азаматтардың қолданыстағы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберіндегі шоты болса, олар сол жинақпен, сыйақысын жоғалтпай «Келешек» жобасына ауысып, бастапқы білім беру капиталына қатыса ала ма?», - деген сауал жолдады. 

Халық қалаулысының сауалына Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов жауап берді. 

«Келешек» капиталының мемлекеттік жинақтау жүйесінен үш айырмашылығы бар. Бірінші, 5 жасқа толған салымшыға мемлекеттен 60 АЕК көлемінде, ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК алғашқы жарна аударылады. Екіншіден, «Келешек» жүйесінде сыйақы есептеу кезінде банктер үшін ең төменгі мөлшер белгіленеді. Ол Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлемеден кем болмауы тиіс. Мысалы, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 15% болса, банктердің мөлшерлемесі 12-13%-дан төмен болмауы керек. Үшінші айырмашылық, жобаға кепілдікті қамтамасыз ететін сақтандыру компаниялары қатысады. Баланың ата-анасы еңбекке қабілеттілігінен айрылған жағдайда немесе асыраушысынан айрылған жағдайда сақтандыру компаниялары бала 18 жасқа толғанға дейін ата-анасының атынан капитал аударуды жүргізуді жалғастырады», - дейді министрдің орынбасары.

Соңғы жаңалықтар