Балаларға неврологиялық көмек көрсетудің жаңа стандарты әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі балаларға неврологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңа стандарт жобасын әзірледі.
Құжат медициналық ұйымдардың меншік нысанына қарамастан, емханаларда, ауруханаларда және күндізгі стационарларда балаларға неврологиялық көмек көрсетудің бірыңғай талаптарын көздейді. Негізгі қағидат — баланың дәрігерге алғаш жүгінуінен және диагностикадан бастап мамандандырылған емдеуге, динамикалық бақылауға және оңалтуға дейінгі кезеңдерде медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз ету.
— Неврологиялық бұзылыстарды ерте анықтауға ерекше назар аударылады. Уақтылы диагностика жүргізу және дұрыс таңдалған емдеу тәсілдері асқынулардың даму қаупін төмендетуге және баланың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жаңа стандарт сондай-ақ емханалар, стационарлар және оңалту қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған. Бұл баланың емдеудің әрбір кезеңінде қажетті медициналық көмекті жүйелі әрі сабақтастықпен алуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп атап өтеді министрліктен.
Ведомствоның атап өтуінше, ата-аналар үшін бұл медициналық көмек алу тәртібін түсінікті етуге, сондай-ақ емдеу және қалпына келтіру процесін неғұрлым ұйымдасқан әрі жүйелі түрде жүргізуге ықпал етеді. Жоба балалардың денсаулығын сақтау жүйесін жетілдіру жөніндегі 2026–2030 жылдарға арналған «Бастау-2030» жоспары аясында әзірленді.
— Әрбір баланың денсаулығын сақтау, ауруларды уақтылы анықтау және тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету басты басымдық болып қала береді, — делінген Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірме жазбасында.
Ашық НҚА порталында жарияланған стандарт жобасы 5 қарашаға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.
Биыл маусымда Денсаулық сақтау министрлігі әрбір бала мен оның отбасына «бір терезе» қағидаты бойынша ерте көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 32 аудандық аурухананың базасында пилоттық жобаны іске қосатынын хабарлаған еді.