Балаларға зорлық-зомбылық көрсету әрекеттеріне жүргізілген зерттеу нәтижелері жарияланады
АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - Ертең, 27 мамыр күні елордада Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында Қазақстанның мемлекеттік интернат мекемелерінде балаларға зорлық-зомбылық көрсету әрекеттеріне жүргізілген зерттеудің нәтижелері таныстырылады.
Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталмыш зерттеу елдің институционалдық мекемелерінде балалар құқықтарының бұзылуы фактілерін ашатын алғашқы зерттеу болып табылады. Оны өткізудегі мақсат - балаларға көрсетілетін қаталдық әрекеттерін анықтау және мониторинг жүргізудің жаңа жолдарын байқаудан өткізу, сондай-ақ Қазақстанның балалар интернат мекемелерінде зорлыққа байланысты қалыптасқан жағдайдың жан-жақты көрінісін айқындау болып табылады.
Дөңгелек үстелдің жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, дипломатиялық өкілдіктердің, ғылыми орталардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.