Балаларының алдындағы міндеттерін орындамайтын ата-аналар көбейді – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 5 жылда балаларының алдындағы міндеттерін орындамайтын ата-аналар саны 6 есе көбейген. Бұл туралы Құрылтайда өтіп жатқан «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын талқылауға арналған Үкімет сағатында депутат Әсел Қайырова айтты.
- Соңғы жылдардағы статистика ата-аналардың өз міндеттерін орындамау фактілері айтарлықтай көбейгенін көрсетеді. Бес жыл ішінде мұндай құқық бұзушылықтар саны шамамен 6 есе өсіп, 2020 жылғы 6 мыңнан 2026 жылы 30 мыңға жеткен. Ал түнгі уақытта балалардың көшеде жүру жағдайлары екі есе көбейіп, 110 мыңнан асқан. Ересектердің жауапсыздығы мен балаларға тиісті бақылаудың болмауы салдарынан терезеден құлау және жол-көлік оқиғалары кезінде балалар өлімінің жартысынан астамы орын алады,- деді ол.
Депутаттың айтуынша, бүгінде балалар арасындағы суицид жағдайларының 60 пайызы отбасындағы күрделі қарым-қатынасқа, психологиялық қысым мен қатыгездікке байланысты. Бұл мәселелерді шешу үшін Тұжырымдамада ата-аналарға арналған жауапты тәрбие беру жөніндегі міндетті курсты енгізу ұсынылған. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне бірнеше сұрағым бар. Бұл курстың ерекшелігі неде? Ол аталған көрсеткіштердің күрт өсуін тоқтатуға қалай ықпал етеді? Ең бастысы, оны іс жүзінде қалай енгізуді жоспарлап отырсыздар?, - сұрады ол Мәдениет вице-министрі Әли Рустаннан.
Сауалға жауап берген вице-министрдің айтуынша, «Ата-аналар академиясы» жобасы 2025 жылы 5 өңірде пилоттық режимде қосылды. Қазіргі уақытта ол еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Биыл жыл басынан бері 40 мыңнан астам адам оқумен қамтылды. Өңірлерде 70-тен астам дәріс, тренинг, семинар және шеберлік сабақтары өткізілді. Сабақтар балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы, буллингтің профилактикасы, баланың эмоционалдық дамуы және отбасындағы қарым-қатынас мәселелеріне арналған.
- Жобаның «Ата-ана.kz» онлайн платформасында ата-аналар психолог, заңгер немесе дәрігердің кеңесін тегін ала алады. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігі жөніндегі материалдармен танысады. Қазіргі таңда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Smart Bridge порталы арқылы қосылу мәселесін пысықтап жатырмыз.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы талаптарды ескере отырып, осы жұмысты мерзімінен бұрын, 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр, - деді Әли Рустамов.
Айта кетейік, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылуына бес жылға 1,3 трлн теңге қарастырылған.
https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-balalari-tuzhirimdamasinin-orindalu-karkini-kalay-316968b5/