Балаларын тәрбиелеу міндеттерін орындалмағаны үшін 310 тұлға жауапкершілікке тартылды - Астана
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Жасөспірімдердің әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауының басты себептерінің бірі - отбасы жағдайларындағы әлеуметтік қиындықтар, ата-аналардың балалар тәрбиесіне немқұрайлы қарауы және өз міндеттерін тиісінше орындамауы.
Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Айман Мустафинованың пайымдауынша, жасөспірімдердің жас ерекшеліктерін, сонымен қоса біздің елдің өмір сүруге қатысты қалыптасқан кейбір ауырпалықтарын ескере отырып, еліміздің жарқын болашағы үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен денсаулығына қатысты проблемаларды жақын арада шешу қажет.
Бала өсіріп отырған ата-аналар өз қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктері шегінде баланың дене бітімінің, психологиялық, адамгершілік және рухани дұрыс дамуына, орта білім алуына барлық лайықты жағдай жасаулары тиіс. Ата-аналар өз балаларын тәрбиелеуге құқылы және міндетті, сондай-ақ бұл ретте менсінбеушілік, жақтырмау, дөрекілік, қатыгездік, қорлық, зорлық көрсету, ұрып-соғу немесе оны қанау болмауы керек.
Балаларын тәрбиелеу мен оқыту барысында өз міндеттерін орындамау бойынша сот тәжірибесінде әрекет етпеудің әртүрлі түрлері бар, солардың салдарынан кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне тиісті қамқоршылықтың болмауы орын алып отыр. Ата-аналардың және оларды алмастырушы тұлғалардың өз міндеттерін орындаудан жалтару, олардың балалардың адамгершілік тәрбиелері жөнінде қам жемегенде, олардың уақытылы білім алуларына жағдай жасамағанда және т.б. осы іспеттес салқынқандылық танытқанда көрініс табады.
Өздерінің балалар алдындағы заңмен белгіленген міндеттерін атқармаған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ағымдағы жылы, яғни 2012 жылдың өткен кезеңінде 349 әкімшілік іс қаралып, 310 тұлға жауапкершілікке тартылған.
Баланы тәрбиелеу көптеген әрекеттерден тұратыны белгілі, бірақ осы әрекеттердің ішінде ең бастысы - баланың тәрбиесіне үлкен көңіл бөлу. Тәжірибеде ата-аналардың балаға деген дұрыс көңіл бөліп, дұрыс тәрбие бермегендіктен жасөспірімдердің арасында көптеген қылмыстардың орын алып отырғаны белгілі.
Мысалы, Астана қаласы Сарыарқа ауданы ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар жөніндегі полиция инспекторының Т. деген азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы толтырғаны анықталды.
Ата-ананың 1999 жылғы туылған баласының тәрбиесімен дұрыс айналыспауы, яғни оның күнделікті оқу сабақтарына бармағаны жауапқа тартуға негіз болған.
Астана қаласы кәмелетке толмағандар ісі туралы сотының қаулысымен Т. Деген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған «ескерту» түріндегі шара қолданылды.
Аталған бап кәмелетке толмаған балалары бар ата-аналарға немесе ата-аналардың орнына жауапты тұлғаларға балаларын тәрбиелеуді қадағалау кезінде қолданылады.
Бұл құқық бұзушылықтың субектісі - кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары. Сондықтан кәмелетке толмаған балалары бар ата-аналар немесе ата-аналардың орнына жауапты тұлғалар балаларына дұрыс тәрбие бермеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатындарын білуі қажет.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокуратуралық қадағалаудың басты бағыттарының бірі болып табылады.