Балалы отбасыларды қолдауға биыл 974 млрд теңге бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау көлемі ұлғайып келеді. Биыл бұл мақсатқа 974 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,1%-ға көп.

отбасы
Фото: Айнагүл Хамитованың жеке мұрағатынан

Балаларды қорғау және отбасыларды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында әлеуметтік төлемдер жүйесі баланың дүниеге келуінен бастап кәмелетке толғанға дейінгі кезеңді қамтиды.

– Қаражат бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақыларды, бала күтімі бойынша төлемдерді, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға бағытталады, – делінген Үкіметтің хабарламасында.

Мемлекет барлық әлеуметтік жәрдемақыларды жыл сайын индекстеп отырады. Мәселен, 2026 жылы төртінші және одан кейінгі балалардың дүниеге келуіне байланысты төленетін біржолғы жәрдемақы көлемі 272 мың теңгеден асты.

Көпбалалы аналарды қолдау шаралары да жалғасуда.

– «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін қоса алғанда, көпбалалы аналардың мәртебесін нығайтуға бағытталған арнайы қолдау тетіктері қарастырылған, – деп атап өтілді.

Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Осы бағыттағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – кәсіби қабылдаушы отбасы институтының енгізілуі. Бұл жүйе өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың отбасылық ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.

– Үміткерлер міндетті түрде психологиялық даярлықтан және арнайы оқытудан өтеді. Балаларды күтіп-бағу шығындары мен қабылдаушы ата-аналардың еңбекақысы бюджет есебінен төленеді, – делінген мәліметте.

Балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қолдау тетіктері де кеңейтілді. 2025 жылдан бастап тәлімгерлерді міндетті сертификаттау енгізілді.

Тұрғын үй мәселесінде де өзгерістер бар. Енді Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда жетім балаларды тұрғын үй кезегіне қою үшін үш жылдық тұрақты тіркеу талабы алынып тасталды. Сондай-ақ тұрғылықты жері өзгерген жағдайда кезектегі бастапқы тіркелу күні сақталады.

Мемлекет тарапынан жеңілдетілген ипотека, жалдау ақысын субсидиялау және «Мейірім» республикалық акциясы аясындағы атаулы қолдау шаралары да қарастырылған.

– Әлеуметтік төлемдер мен қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейту отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға, ата-аналардың жүктемесін азайтуға және балаларды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанда 6,9 миллионнан астам баланың құқығын қорғауға 1,3 трлн теңге бөлінді.