Қазақстанда 6,9 миллионнан астам баланың құқығын қорғауға 1,3 трлн теңге бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында балалардың құқықтарын қорғау және оларды қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік шаралар туралы мәлімет жарияланды.
Үкіметтің дерегінше, бүгінде елімізде 6,9 миллионнан астам бала тұрады. Балалардың құқықтарын қорғау мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
Бұл бағыттағы жұмыс Конституцияда бекітілген балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу қағидатына негізделген.
– Мемлекеттің басты міндеті – отбасылар үшін балалардың дені сау болып өсуіне, сапалы білім алуына және өздерін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік беретін қолайлы жағдай қалыптастыру, – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің Ұлттық құрылтай қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті.
Құжат балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 158 іс-шараны қамтиды.
– Тұжырымдаманы іске асыруға жалпы көлемі 1,3 трлн теңге қарастырылған, – деп атап өтті Үкіметтен.
Бағдарлама аясындағы жұмыстар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
Тұжырымдама балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге, олардың сапалы білім мен медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, Президент ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы екенін айтты.