«Балалық шағымның аспаны» фильмі Ташкентте «Қазақ киносының күндерін» ашты

ТАШКЕНТ. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасында Қазақ киносының күндері «Балалық шағымның аспаны» фильмінің көрсетілімімен басталды.

«Балалық шағымның аспаны» фильмі Ташкентте «Қазақ киносының күндерін» ашты

Дүйсенбі, 17 қыркүйек күні «Алишер Новои атындағы Кино сарайы» кинотеатрында «Өзбекстандағы қазақ киносының» салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара «Өзбеккино» Ұлттық агенттігімен бірлесіп Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігімен ұйымдастырылды.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР-ның ӨР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бөрібай Жексембин бұл іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орайластырылғанын атап өтті.

«6-7 қыркүйек күндері Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов Қазақстанда ресми сапармен болғаны белгілі. Мемлекеттер басшыларының бұл кездесуі  екі ел ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеріп, серпін берді», - деп атап өтті ол.

Б.Жексембин атап көрсеткендей, алдағы күндері қазақстандық жаңа буын режиссерлардың картиналары, сондай-ақ кеңес кезінде түсірілген «Қыз жібер» фильмі көрсетілетін болады.

Бұдан бөлек, Ташкент кинотеатрында  «Жерұйық», «Біржан сал», «Серкер» қазақ фильмдері көрсетілмек.